Қазақстанда жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтерін өзгерту ұсынылды
Қазақстанда коммерциялық жүк көліктерінің ақылы автомобиль жолдарын пайдалану тәртібін жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа ұсыныстар жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуге қажетті қаржыландыруды арттыруға бағытталған. Бұл ретте азаматтардың жеке жеңіл автомобильдері үшін қолданыстағы жол жүру шарттарын өзгерту жоспарланып отырған жоқ.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарындағы ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Жиында отандық және шетелдік коммерциялық тасымалдаушылар үшін жол ақысын есептеу тәсілдері, тариф саясаты және жол инфрақұрылымын қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, елімізде автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатын шығындардың едәуір бөлігі әлі де бюджет есебінен жабылып келеді.
– Біз автомобиль жолдарын салғанымызбен, оларды күтіп ұстау және жөндеу шығынын бюджет есебінен жабуды жалғастырудамыз. Жол инфрақұрылымы өзін қамтамасыз ететін жүйені құру қажет, – деді вице-премьер.
Отырыс барысында сарапшылар ақылы жолдарды пайдаланудың бірнеше жаңа тетігін ұсынды.
Сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстан мен көрші мемлекеттердегі жол тарифтерінің айырмашылығына назар аударды.
Ол отандық жол тарифтерін өңірлік деңгейге жақындату мүмкіндігін зерделеуді және қазақстандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарттар қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар мемлекеттік шекарадан өткен кезде шетелдік жүк автомобильдерін сақтандырудың арнайы тетігін әзірлеу мәселесі көтерілді.
Сарапшының пікірінше, мұндай тәсіл ауыр жүк көліктерінің жол инфрақұрылымына түсіретін жүктемесіне байланысты шығындарды өтеудің қосымша құралына айналуы мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов көлік компаниялары үшін жылдық абонемент енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бұл жүйе тасымалдаушыларға белгілі бір қашықтыққа арналған жол ақысын алдын ала төлеуге және ұзақ бағыттардағы шығындарын жоспарлауға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ абонементтік төлем жүйесі жол ақысының жиналу деңгейін арттырып, берешек көлемін азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Тағы бір ұсыныс жол тарифтерін көлік құралдарының техникалық және экологиялық сипаттамаларына қарай саралауға қатысты болды.
Мәжіліс депутаты, көлік және логистика саласының сарапшысы Болатбек Нәжіметдинұлы автомобильдердің экологиялық сыныбын, шығарындылар көлемін және жол төсеміне түсіретін жүктемесін ескеретін тарифтік тәсілді қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, жұмыс тобы жүк тасымалын бақылаудың ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, ақылы автожолдардағы жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау үшін цифрлық мониторинг құралдарын кеңінен пайдалану ұсынылды.
Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин жауапты мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтарға және бизнес өкілдеріне ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды.
Тарифтік өзгерістерді қарастыру кезінде көлік компанияларының мүдделерін ескеру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды әділ бөлуді қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Бұл ретте негізгі назар коммерциялық жүк тасымалына аударылып, азаматтардың жеке жеңіл көліктері үшін жол жүру шарттарын өзгертпеу көзделіп отыр.
Ұсыныстарды қараша айының соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау жоспарланған.
Әзірге аталған бастамалар талқылау кезеңінде. Жүк көліктеріне арналған жаңа тарифтер мен төлем тетіктерін енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.