Қазақстан мен Hyundai Motor Company ақылды қалалар, жасанды интеллект және робототехника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. Бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асыруға әлеуетті алаңдар ретінде Алматы мен Алатау қалалары қарастырылып жатыр.

Бұл мәселе Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Hyundai Motor Group компаниясының атқарушы вице-президенті, Болашақ стратегиясы департаментінің басшысы Хогын Чон (Hokeun Chung) бастаған делегациямен кездесуінде талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Hyundai Motor Company арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту аясында өтті. Атап айтқанда, тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қыркүйекте Корея Республикасына жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы қалаларды цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект пен робототехниканы енгізу және физикалық жасанды интеллект (Physical AI) технологияларын дамыту болды.

Физикалық жасанды интеллект – роботтар мен басқа да құрылғылардың қоршаған ортадағы ақпаратты өңдеп, нақты әрекеттерді орындауына мүмкіндік беретін технологиялық бағыт.

Тараптар интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға, қалалық қозғалысты басқаруды жетілдіруге және сұранысқа негізделген мобильділік сервистерін енгізуге ерекше назар аударды.

Сонымен қатар роботтандырылған жеткізу қызметтерін дамыту, ақылды автотұрақтар құру және электр көліктеріне арналған зарядтау инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Бірлескен жобаларды сынақтан өткізуге Алматы мен Алатау қалалары әлеуетті алаң ретінде ұсынылып отыр.

Бұл қалаларда заманауи технологияларды қолданыстағы цифрлық жүйелермен біріктіру, көлік инфрақұрылымын интеллектуалды басқару және қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру мүмкіндіктері зерделенбек.

Қол қойылған меморандум тараптардың технологиялық тәжірибе алмасуын, мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуын және пилоттық жобаларды бірлесіп зерттеуін көздейді.

Сондай-ақ алдағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланған.

Ынтымақтастық шеңберінде сынақтан өткен технологиялық шешімдерді болашақта Қазақстанның басқа өңірлерінде де қолдану мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Дегенмен нақты жобалар мен олардың іске асырылу мерзімдері әзірге бекітілген жоқ. Тиісті шарттар Қазақстан заңнамасына сәйкес тараптардың қосымша келісімдері арқылы айқындалатын болады.

Айта кетейік, Hyundai Motor Group – құрамына Hyundai Motor Company және Kia кіретін халықаралық компаниялар тобы. Ол автомобиль жасау, логистика, құрылыс және автокомпоненттер өндірісімен қатар, жасанды интеллект, робототехника және болашақ мобильділігі бағыттарын да дамытып келеді.

Қазақстан мен Hyundai арасындағы жаңа ынтымақтастық қалалық инфрақұрылымды цифрландыруға, интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға және заманауи технологияларды қалаларды басқару тәжірибесіне енгізуге бағытталған.