Алматыда 2027–2029 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары талқыланды
2026 жылғы 24 қыркүйекте Алматы қаласындағы Ғылым ордасында 2027–2029 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамытудың басым бағыттарын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін түсіндіру жөніндегі жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жұмыс кеңесінің негізгі тақырыбы ҚР ҰҒА-ның ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау бойынша атқарған ауқымды жұмысына арналды.

ҚР ҰҒА-ның бас ғалым хатшысы Исмаил Тоқбергенов өз баяндамасында жаңа интеграцияланған бағыттар терең әрі жан-жақты ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелері негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.
Кеңес барысында табиғи-өндірістік жүйелерді басқару, ғылыми білімнен өндіріске дейінгі толық технологиялық тізбекті дамыту, денсаулық пен өмір сапасын арттыру, мемлекет пен қоғамның кешенді қатерлерге төзімділігін нығайту, сондай-ақ ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздіктің негізі саналатын іргелі зерттеулерді қамтитын бес интеграцияланған басым бағыт таныстырылды.
Ұсынылған басым бағыттар 70 сараптамалық сессия мен 220-ға жуық ғылыми-технологиялық міндетті қамтыған ұлттық ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелеріне негізделген.
Сонымен қатар оларды қалыптастыру кезінде стратегиялық құжаттар, әлемдік үрдістер және елдің ғылыми әлеуеті талданған.

Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – ғылыми ресурстарды ұзақ мерзімді ұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыру, зерттеулердің қайталануын азайту және ғылым, мемлекеттік басқару, экономика мен қоғам қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайту.
Кеңесте басым бағыттарды ірілендіру салалық маманданудан бас тартуды немесе қаржыландыруды біртұтас, бөлінбейтін бюджетке біріктіруді білдірмейтіні атап өтілді.

Ауыл және су шаруашылығы, экология, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, энергетика, көлік, цифрландыру, ұлттық қауіпсіздік, білім беру және басқа да салалардағы нақты міндеттер мамандандырылған ғылыми бағыттар арқылы нақтыланады.
Мамандандырылған ғылыми бағыттарды аналитикалық негіздеме негізінде қалыптастыру тәртібіне ерекше назар аударылды.
Мұндай негіздемеде мәселенің мазмұны, қолда бар ғылыми база, әлемдік үрдістер, қажетті құзыреттер мен инфрақұрылым, күтілетін нәтижелер, әлеуетті пайдаланушылар және практикалық қолдану шарттары көрсетілуге тиіс.
Бұл ретте мамандандырылған ғылыми бағыт мәртебесі белгілі бір ұйымды немесе жобаны автоматты түрде қаржыландыруды білдірмейді. Конкурстық іріктеу мен тәуелсіз ғылыми сараптама сақталады.

Мамандандырылған ғылыми бағыттар тетігі арқылы ҚР ҰҒА-ның Ғылым комитетімен және салалық министрліктермен жүргізетін нақты әрі нысаналы жұмысына ерекше мән берілді.
Бұл тетік ұзақ мерзімді мақсатты дәлелді ғылыми міндетке айналдыратын құрал ретінде қарастырылады.
Осы жүйеде ҚР ҰҒА ғылыми-талдамалық негіз әзірлейді, ал салалық мемлекеттік органдар сұраныс пен әзірлемелерді енгізу шарттарын растайды.
Жұмыс кеңесі мүдделі тараптардың кең ауқымын біріктірді. Оған салалық министрліктердің, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның және ғылыми ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері қатысты.
Ашық диалог форматы жаңа саясаттың барлық қырын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді.

Қатысушылар ғылыми қоғамдастық, мемлекеттік органдар және сараптамалық құрылымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу мәселесін де қарастырды.
Ғылыми ұйымдар ұсынылатын шешімдердің негізділігін қамтамасыз етеді. Салалық мемлекеттік органдар нәтижелердің практикалық сұранысқа ие екенін және оларды қолдану шарттарын растайды. Ал сараптамалық органдар қойылған міндеттердің ғылыми сапасы мен іске асырылу мүмкіндігін бағалайды.
ҚР ҰҒА бас ғалым хатшысы мен Академия өкілдері салалық мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Кеңесте жаңа модельдің салалық мамандануды жоймайтыны жан-жақты түсіндірілді.
Пәндік жауапкершілік пен бейінді сараптама мамандандырылған ғылыми бағыттар аясында сақталады. Сонымен бірге бұл деңгей жобаларды тәуелсіз конкурстық сараптауды алмастырмайды.
Ашық талқылау барысында мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері басым бағыттардың мазмұны, мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру және ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру тетіктері жөнінде ұсыныстар айтты.
Түскен ұсыныстар жобаны одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.