Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы халықаралық конференцияда кеңінен талқыланды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасы және «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен белгілі тұлға, энциклопедист ғалым, Қазақ ССР Гимнінің авторы (1945 ж.), КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1940 ж.). Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы (Семей, 1940), Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1996 ж.), КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Абайдың ақындық мектебі мен қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына арналған «Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды.
Конференция жұмысына қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, университеттердің профессорлық — оқытушылық құрамы, ғалым шәкірттері мен докторанттар, магистранттар және жоғары білім алушы талапкерлер қатысты. Конференциада гуманитарлық, филологиялық, әлеуметтік-педагогикалық ғылымдар мен отандық тіл және әдебиет, мәдениет, тарих саласының белгілі мамандарымен қатар шетелдерден, атап айтқанда Түркия, Венгрия, Ресей Федрациясы Татарстан, Башқортостан, Өзбекстан елдерінің жетекші ғалымдары қатысып, мағыналы баяндамалар жасалды.
Конференция жұмысы ғалым, ұстаз, қайраткер Қ.Мұхамедхановқа арналған кітап көрмесімен танысудан басталды. Пленарлық мәжіліске модераторлықты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, филология факультетінің деканы, доцент, белгілі өнерпаз Серікзат Дүйсенғазы жүргізіп отырды.
Ғылыми — мәдени жиын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың баяндамасымен ашылып, ғалым Қ.Мұхамедхановтың әлемдік мұратану, мұрағаттануға, ұлттық фольклортану, әдебиеттану мен руханиятқа, отандық білім беру жүйесі мен білікті мамандар дайындауға қосқан зор үлесін атап көрсетті. Ғылыми еңбектерінің әдебиет тарихы, тұлғатану, фольклортану мен әдебиеттанудағы жаңалығы мен маңызын, өзектілігін зерделеді.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысы арнайы құттықтаулардан басталды. Атап айтқанда, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шәкәрім университетінің басқарма төрағасы-ректоры Думан Орынбеков, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің төрағасы, ғалым Ербол Тілешов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессорлары, белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Балтабай Әбдіғазы және ғалымның қызы Дина Қайымқызы Мұхамедханның әке жайындағы мағыналы естелігі ерекше әсер қалдырды.
Пленарлық мәжілісте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры ф.ғ.к., доцент Әубәкір Жандос сөз бастады. Баяндама тақырыбы: «Абайтанудағы ғылыми сабақтастық: Абайдың ақындық мектебі және Қайым Мұхамедханұлының зерттеушілік мұрасы»; ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Мемлекет және қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Сауытбек Абдрахманов «Қайым Мұхамедханұлы және Абай аудармалары хақында»; Татарстан Республикасы, Қазан Федералды университеті, татар әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Флера Сайфуллина «Татарская литература в научном и переводческом наследии Каюма Мухамедханова»; М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Қанипаш Мәдібаева «Қайым Мұхамедханұлы: мұратанудың өзекті міндеттері»; «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің директоры, философия докторы Дәулеткерей Кәпұлы «Қайым Мұхамедхановтың «АЛЖИР» музейіндегі құжаттық мұрасы: қуғын-сүргін кезеңіндегі өмірін музейлік деректер негізінде реконструкциялау»; Өзбекстан Республикасының Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті Дүниежүзілік әдебиет және салыстырмалы әдебиеттану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Ұзақ Жорақұлов «Белгілі өзбек жазушысы Шукрулло Юсуповтың «Кебенсіз жерленгендер» романы және Қайым Мұхамедханов»; Шәкәрім университеті, «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент Ақмарал Смағұлова «Қайым Мұхамедханов зерттеулеріндегі Шәкәрім өлеңдерінің түпнұсқалық мәселелері»; Монтана университеті (АҚШ), Мемлекеттік басқару және саясат кафедрасының профессоры, педагогика докторы (Ed.D.) Андреа Вернон «Өмірі үлгі тұлға» (видео – баяндама); п.ғ.д., профессор Дина Қайымқызы Мұхамедхан «Қайым Мұхамедхановтың ХХ-ХХІ ғасырлардағы Қазақстан тарихындағы рөлі» атты тақырыптарында ғылыми негізделген, маңызы жоғары баяндамалар жасалынды.
Конференцияда «Қайым Мұхамедханұлының мұрасы және көкейкесті әдебиеттану», «Абайтану, алаштану және ұлттық тарихтың өзекті мәселелері», «Түркітану және салыстырмалы әдебиеттану: тіл, рухани мұра және мәдени байланыстар», «Ұлттық болмыс, философия және өнердегі көркемдік ойлау» атты секциялар жұмысы жүргізілді. Оларда Қайым Мұхамедханов ғылыми еңбектерінің қазіргі мұрағаттану, тұлғатану, фольклортану, филология саласы мен гуманитарлық, педагогикалық білім беру жүйесіндегі маңызы талданып, рухани және мәдени құндылықтар хақындағы ой-толғамдарының өзектілі сараланды.
Конференция жұмысы қорытындыланып, арнайы қаулы қабылданды.