Алматыдағы 2-жылу электр орталығында Siemens Energy компаниясы өндірген алғашқы газ турбинасы сәтті іске қосылды. Станция толықтай газға көшкеннен кейін атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар көлемі 90 пайыздан астамға азаяды деп күтілуде.

Алматыдағы 2-жылу электр орталығында (ЖЭО) жаңғырту жұмыстары аясында бу-газ қондырғысының алғашқы турбинасы іске қосылды. Қалған екі газ турбинасын желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.

25 қарашада Siemens Energy компаниясы шығарған газ турбинасы сәтті тұтатылды. Ал 30 қарашада өндірілген электр энергиясын жалпы желіге беру көзделген.

Жаңғырту жобасы толық жүзеге асырылғаннан кейін станция электр желісіне 557 МВт электр қуатын және 957 Гкал жылу энергиясын бере алады.

Жобаның Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартудағы маңызы зор. Жылу электр орталығы табиғи газға толық көшкеннен кейін атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың жылдық көлемі 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Бұл зиянды шығарындылардың 90 пайыздан астамға қысқаруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, станцияның газға көшуі нәтижесінде күкірт диоксиді мен көмір күлі шығарындылары толықтай жойылады деп күтілуде.