Қазақстан мен Қытай ҚазҰУ базасында бірлескен энергетикалық зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр
Энергетика министрлігі мен Energy China корпорациясы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту, электр желілерін жаңғырту және энергия сақтау жүйелерін дамыту мәселелерін талқылады.
Қытайға жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy Engineering Group (Energy China) корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ни Чжэньмен екіжақты келіссөздер өткізді.
Кездесуде тараптар жекелеген энергетикалық жобаларды жүзеге асырудан кешенді ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа көшу, тәжірибе алмасу және Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға бағытталған инженерлік шешімдерді бірлесіп әзірлеу мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер барысында ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында бірлескен зерттеу орталығын құру бастамасын қолдады.
Жоспар бойынша Energy China институттарының көпжылдық талдамалық және жобалау тәжірибесі ірі инженерлік жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге, энергетикалық жүйені цифрландыруға және салалық деректер базасын қалыптастыруға пайдаланылмақ.
Сонымен қатар, тараптар сутегі энергетикасын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Қазақстандағы алғашқы сутегі өндіру қондырғысы іс жүзінде іске қосылған.

Кездесудің тағы бір маңызды бағыты магистральдық электр желілерін дамыту және энергетикалық жүйенің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Атап айтқанда, «Екібастұз – Балқаш» бағыты бойынша қуаты 2 ГВт болатын тұрақты ток электр беру желісін салу жобасының перспективалары қарастырылды. Аталған жоба бойынша қазақстандық тарап қажетті есептеулерді жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген.
Бұдан бөлек, өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін (ЭСС) дамыту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта негізгі қосалқы станциялар мен қосылу нүктелері айқындалған.
Энергия сақтау жүйелеріне салынған инвестициялардың қайтарылу тетіктерін бекітуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін тараптар осы саладағы бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда пысықтауға дайын екенін білдірді.

«Бүгінде Energy China компаниясымен әріптестігіміз жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен ғылыми жұмысқа, инженерлік құзыреттермен алмасуға және желілерді дамытуды кешенді жоспарлауға бағытталуда. ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру, тұрақты ток технологияларын және энергия сақтау жүйелерін дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Келіссөздер барысында жаңартылатын энергия көздері саласында жүзеге асырылып жатқан жобалардың қазіргі жағдайы да қаралды.
Energy China компаниясының мәліметінше, Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт болатын «Сауран» күн электр станциясын электр желісіне қосу жұмыстары мерзімінен бұрын, яғни 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы бойынша құрылыс кезеңіне жедел көшу мақсатында инвестициялық келісімнің жекелеген параметрлерін түпкілікті келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Energy China корпорациясы технологиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми-инженерлік бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.