«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласында заманауи әмбебап спорт кешені салынып жатыр. Нысанда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған арена, олимпиадалық бассейн және түрлі спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары болады.

Ақтөбе қаласында 5 мың көрерменге арналған жаңа әмбебап спорт кешені бой көтереді. Нысанның құрылысы мен жабдықталуына Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Олар өңір халқының спорт инфрақұрылымына деген қажеттілігін 73,2%-ға қамтамасыз етіп отыр. Соңғы үш жылда облыста 31 жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Дегенмен қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме әлі де жоғары. Бұл тұрғындарға арналған жаттығу бағдарламаларын кеңейтуге кедергі келтіруде.

Жаңа спорт кешенінің жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады. Құрылыс барысында отандық материалдар пайдаланылуда. Жоба аясында бірнеше функционалдық аймақ қарастырылған.

Атап айтқанда, кешенде:

  • халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған 5 мың орындық негізгі арена;
  • олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін 50 метрлік жүзу бассейні;
  • спорттық және көркем гимнастикаға арналған арнайы жаттығу залдары;
  • баскетбол, волейбол және футзалға арналған спорт залдары;
  • йога мен пилатес жаттығуларын өткізуге арналған сауықтыру залдары орналасады.

Жаттығу залдары кәсіби спорт жабдықтарымен толық қамтамасыз етіледі. Оларды сатып алуға да Инфрақұрылымды дамыту қорынан қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, спортшыларды даярлау процесіне қазақстандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр.

Жобада ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға басымдық берілген. Жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың кешеннің барлық негізгі аймақтарына кедергісіз кіруіне жағдай жасалады. Атап айтқанда, көрермендер трибуналары, киім ауыстыратын бөлмелер, бассейн, жаттығу залдары, кіреберістер мен нысан аумағы қолжетімді болады.

Спорт кешенін 2028 жылдың ақпан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңа нысан өңірдегі гимнастика залдары мен олимпиадалық стандарттағы бассейнге деген қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаладағы спорт нысандарының тәуліктік өткізу мүмкіндігін арттырып, балалар мен жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасайды.

Жалпы, жыл басынан бері Қазақстанда 188 спорт кешенінің құрылысы жүргізілді. Бүгінгі таңда оның 69-ының құрылысы аяқталған, соның ішінде 51 нысан ауылдық жерлерде ашылды.

Жыл соңына дейін елімізде тағы 52 спорт нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл өңірлердегі спорт инфрақұрылымын одан әрі кеңейтіп, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді.