Елімізде заманауи суару жүйелері қолданылатын ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 702,3 мың гектарға жетті. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны айтарлықтай артқан.

Қазақстанда ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 1,1 млрд текше метрге жуық су үнемделді. Қазіргі уақытта заманауи суару жүйелері пайдаланылатын егістік алқаптарының жалпы аумағы 702,3 мың гектарды құрайды.

Соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны едәуір өскен. Егер 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024–2026 жылдары 150 мың гектардан асты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнатуға жұмсайтын шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Сонымен қатар, аталған технологияларды пайдаланатын шаруашылықтар үшін суармалы суға берілетін субсидия көлемі 85%-ға дейін ұлғайтылды.

Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді қолдау мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылда бөлінген қаражат көлемінен төрт есе көп.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау үшін 4,085 млрд теңге бөлінді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі суармалы суды субсидиялау тәртібін де жетілдіріп жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау көрсетілетін су үнемдеу технологияларының тізімі кеңейтілген.

«Министрлік суармалы суды субсидиялау қағидаларына да өзгерістер енгізді. Мысалы, субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне лазерлік тегістегіш құрылғы қосылды. Елімізде тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі көлемі ауыл шаруашылығының үлесіне тиесілі. Қабылданып жатқан шаралар 2030 жылға қарай заманауи суару технологиялары қолданылатын алқаптардың жалпы аумағын 1,3 млн гектарға жеткізуге бағытталған. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Ербол Салихбаев.