Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған Жарлыққа қол қойды. Жаңа комиссия мемлекеттік басқаруды реформалаудың негізгі бағыттарын айқындап, кешенді жоспар әзірлеуге қатысты ұсыныстарды қарайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін айқындау, сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуге арналған жүйелі ұсыныстарды қарау.

Комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі белгіленді.

Жаңадан құрылған комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енді.

Сонымен қатар, комиссия отырыстарына мүдделі орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдері қатыстырылуы мүмкін.