Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Циндао қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық конференциясында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылымды жаңғырту және жасыл энергетикаға көшу жөніндегі басымдықтарын таныстырды.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан «Бір белдеу, бір жол» энергетика жөніндегі 4-ші министрлік конференциясына қатысып, сөз сөйледі.

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік энергетика басқармасы ұйымдастырған және Ван Хунчжи жетекшілік еткен халықаралық жиынға Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 20-дан астам елінен энергетика ведомстволарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Чили және Оңтүстік Африка Республикасының өкілдері бар.

Сондай-ақ конференцияға БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының өкілдері мен ірі халықаралық энергетикалық корпорациялардың басшылары қатысты.

Конференция барысында Ерлан Ақкенженов Қазақстанның орнықты энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру, трансұлттық энергия жеткізу бағыттарын дамыту, теңгерімді энергетикалық көшу және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұстанымын таныстырды.

Жиынның тақырыптық сессияларында төмен көміртекті энергетикалық модельге көшу, энергетикалық жүйелердің сенімділігін арттыру және цифрлық инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Стратегиялық әріптестігіміздің айрықша нышаны – дәл осы Астанада «Бір белдеу, бір жол» бастамасының алғаш рет жарияланып, Еуразиялық энергетикалық архитектураның берік негізінің қалануы. Бүгінде Қазақстан шамамен 100 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метрден астам газ өндіруді қамтамасыз етіп, құрлықаралық құбыр жүйелерінің сенімді жұмысын қолдай отырып, Еуразияның негізгі энергетикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Жаңа кезеңде біз шикізатты терең өңдеуге, мұнай-газ химиясын дамытуға, жасыл генерацияны теңгерімді арттыруға және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге басымдық береміз», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Пленарлық отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі – «Бір белдеу, бір жол» энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі әріптестігінің (BREP) Басқарушы кеңесінің ресми түрде құрылуы. Сонымен қатар, конференция аясында «ЖИ + Энергетика» жұмыс тобы мен салалық талдау орталықтарының ынтымақтастық желісі іске қосылды.

Энергетикалық әріптестіктің жаңа цифрлық бағыты Қазақстанның отын-энергетика кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғырту жөніндегі басымдықтарымен сәйкес келеді. Атап айтқанда, бұл бағыт жасанды интеллект технологияларын, цифрлық егіздерді және зияткерлік басқару жүйелерін енгізуді қамтиды.

Бұдан бөлек, конференция қатысушылары энергетика саласындағы технологиялық жетістіктер көрмесін аралап, жасыл энергетикаға орнықты көшу тәжірибелерімен танысты. Сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған талдамалық баяндама ұсынылды.

Қытайға жұмыс сапары аясында Ерлан Ақкенженовтің Циндао қаласында ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжимен, сондай-ақ әлемдік энергетикалық және технологиялық корпорациялардың жетекшілерімен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізуі жоспарланған.