Абай облысында оқушыларды тасымалдауға арналған 50 жаңа автобустың алғашқы 10-ы мектептерге берілді. Қалған 40 көлікті желтоқсан айында жеткізу жоспарланып отыр.

Республика күні қарсаңында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында жаңа мектеп автобустарының кілтін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, білім беру мекемелерінің өкілдерін ұлттық мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өңірдегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде тұратын балалардың мектепке қауіпсіз әрі қолайлы қатынауы үшін біз лизинг арқылы 50 мектеп автобусын сатып алдық. Бүгін облысымыздың қалалары мен аудандарына жаңа, заманауи әрі қауіпсіз 10 мектеп автобусының кілтін табыстаймыз. Қалған 40-ын желтоқсан айында беретін боламыз, – деді Берік Уәли.

Әкімнің айтуынша, негізгі мақсат – ауыл мен қала балаларының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру. Ол әрбір оқушының тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі маңызды екенін жеткізді.

Жаңа автобустардың берілуіне мұғалімдер мен ата-аналар да ризашылық білдірді.

Жарма ауданындағы Т. Көбдіков атындағы орта мектептің мұғалімі Қаламқас Ажимбетованың айтуынша, бұған дейін, әсіресе қыс мезгілінде, оқушыларды дизель отынымен жүретін автобустармен тасымалдау кезінде қиындықтар туындаған.

– Жаңа автобустар оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Қаламқас Ажимбетова.

Мектептерге берілген автобустар – отандық өндірістен шыққан «ПАЗ-32053-70» маркалы шағын класты көліктер. Әр автобуста 23 жолаушыға арналған орын қарастырылған.

Көліктер балаларды тасымалдауға қажетті қауіпсіздік жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, орындықтарға төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктері орнатылған. Сондай-ақ пневматикалық тежеу жүйесі, салонды жылыту құрылғысы және балалардың көлікке мінуі мен түсуін бақылауға арналған жарықтандырылған есік ойықтары қарастырылған.

Бұдан бөлек, әр автобуста екі дәрі қобдишасы, екі өрт сөндіргіш, апаттық белгі, GPS жүйесі және бейнетіркеу құрылғылары бар.

Көліктер сары түске боялып, алдыңғы, артқы және бүйір бөліктеріне балаларды тасымалдауға қатысты арнайы белгілер орналастырылған. Жүргізушіге арналған белгі беру батырмасы да орнатылған.

Автобустардың техникалық сипаттамаларына сәйкес, олардың ұзындығы 6,9 метр, ені 2,5 метр, ал биіктігі 2,96 метрді құрайды.

Жаңа көліктер Семей қаласымен қатар, Аягөз, Үржар, Ақсуат, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Бородулиха және басқа да аудандардың мектептеріне бөлінеді.

Жоба ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде тұратын оқушылардың мектепке қатынауын жеңілдетуге, жолдағы қауіпсіздігін арттыруға және білім беру ұйымдарының көлік инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.