Қызылордада 300 төсектік аурухана мен екі жаңа емхана бой көтеріп жатыр
Қызылорда қаласында 300 төсектік көпбейінді аурухана мен бір ауысымда 100 адам қабылдауға арналған емхананы қамтитын жаңа медициналық кешен салынып жатыр. Сонымен қатар қалада №5 емхананың құрылысы жүргізілуде.
Жаңа медициналық нысандар өңір тұрғындарына көрсетілетін диагностикалық және емдеу қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында аталған нысандардың құрылысымен танысты.

Өңірде медициналық инфрақұрылымды дамытумен қатар, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау жұмыстары да жалғасып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 655 медициналық нысан салынған.
Оның ішінде Қызылорда облысында жоспарланған медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 27 нысанның барлығы пайдалануға берілді.

Бұл ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмекті өз елді мекендерінде алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
Облыста 39 дәрігерге әлеуметтік қолдау көрсетілген. Олардың 30-ы ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарда жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 33 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Жұмыс сапары барысында Тимур Мұратов облыс тұрғындарымен кездесіп, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді және азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесуде медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселесі де қозғалды.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жедел медициналық жәрдем, инфекциялық және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің жекелеген санаттағы қызметкерлеріне 30 пайызға дейін қосымша ақы төлеу көзделгені айтылды.

Сондай-ақ вице-министр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өңірдің медициналық мекемелері өкілдерінің қатысуымен өткен «Денсаулық сақтауға инвестициялар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Жиында емханалар желісін кеңейту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарды дамытуға қатысты жаңа тәсілдер талқыланды.
Қатысушылар медициналық нысандарды салуды жоспарлау кезінде халық санын, елді мекендердің географиялық орналасуын, тұрғындардың медициналық қызметтерге сұранысын және медицина кадрларымен қамтамасыз етілу деңгейін ескеру қажеттігін атап өтті.
Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар медициналық инфрақұрылымды жаңартуға, қала және ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ сала мамандарының еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.