Қазақстанда бес жылда 1003 медициналық нысан ашылып, дәрігер тапшылығы 20,4 пайызға азайды
Қазақстанда соңғы бес жылда 1003 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға, ал ауылдық жерлерде 28,3 пайызға қысқарды.
Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлердің мәртебесін арттыру және медициналық білім беру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жарияланды.
Үкімет медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кадр даярлау жүйесін жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Соңғы бес жылда елімізде 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, үш ғылыми медициналық орталық және басқа да тоғыз медициналық ұйым ашылған. Олардың қатарында қан орталықтары мен оңалту мекемелері бар.
Жаңадан пайдалануға берілген нысандардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер бар.
Медицина мамандарын өңірлерге тарту және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілуде.
2025 жылы 1760 дәрігер түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл көрсеткіш 2,2 есе өскен. Ал тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәрігерлер саны 3,3 есе артып, 727 адамға жетті.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде тапшы мамандықтар бойынша еңбек ететін 529 медицина қызметкеріне 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілген.
Елімізде медицина мамандарын даярлау жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Қазіргі уақытта сегіз медициналық университет, көпсалалы жоғары оқу орындарының жеті факультеті және 17 ғылыми ұйым медициналық кадрларды даярлаумен айналысады.
Медициналық мамандықтар бойынша 72 мыңнан астам адам білім алып жатыр. Оның 61 мыңнан астамы жоғары білімнің негізгі деңгейінде, ал 11 мыңнан астамы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқиды.
Бұдан бөлек, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық студент білім алуда.
Қазақстанда медициналық білім берудің 760 бағдарламасы тіркелген. Олардың арасында «Кинезитерапия», «IT-медицина», «Фармация және иммунобиологиялық препараттар биотехнологиясы» және «Мейіргер ісі ғылымы» сияқты төрт инновациялық бағыт бар.
Болашақ дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейту үшін симуляциялық орталықтар желісі дамытылып, клиникалық тәлімгерлік жүйесі енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар медициналық мамандар даярлау ісінде өңірлердің нақты қажеттіліктері ескерілуде. Білім беру гранттарын бөлу кезінде аймақтардағы аурушаңдық деңгейі, дәрігер тапшылығы, демографиялық көрсеткіштер және болашақта мамандарға деген сұраныс назарға алынады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды бағыт – жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Қазіргі уақытта медициналық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдануға арналған пәндер енгізіліп жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицина саласындағы жасанды интеллект бағыты бойынша арнайы орталық ашылған.
Сондай-ақ қалалық деңгейдегі медициналық деректерді талдауға, ықтимал тәуекелдерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетін цифрлық жүйе әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, дәрігер тапшылығын азайтуға және мамандардың өңірлерде тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа медициналық нысандарды ашу, кадрларды әлеуметтік қолдау және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғырту көзделіп отыр.