12 жастағы қазақстандық оқушы АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша әлем чемпионатында бесінші орын алды
Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша екі халықаралық жарыста үздік бестікке енді. 12 жастағы Әлихан Нсанбаев MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында бесінші орын иеленсе, Қазақстанның дрон-футбол құрамасы USA Drone Soccer International Cup 2026 турнирінде бесінші нәтиже көрсетті.
12 жастағы Әлихан Нсанбаев әлем чемпионатының финалына шықты

АҚШ-тың Даллас қаласында ұйымдастырылған MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатына 44 мемлекеттен 830 спортшы қатысты.
Жарыстың іріктеу кезеңінен 69 қатысушы өтіп, олардың арасынан 12 финалист анықталды. Қазақстандық Әлихан Нсанбаев финалдық кезеңге жолдама алып, қорытынды есепте бесінші орынға тұрақтады.
Жас спортшы Орал қаласындағы Облыстық техникалық шығармашылық орталығында білім алады және «Aspan» командасының мүшесі.
Әлиханды халықаралық жарысқа Қайсар Есенғали мен Андрей Тишин дайындады.
Қазақстан құрамасы дрон-футболдан да үздік бестікке енді

АҚШ-тың Лонг-Бич қаласында өткен USA Drone Soccer International Cup 2026 халықаралық турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасы бесінші орын алды.
Жарысқа алты мемлекеттен 16 команда қатысты.
Қазақстан намысын Орал және Атырау қалаларынан келген Наурызбек Есетов, Алдияр Бауыржан, Әлихан Нсанбаев және Альтаир Әбілғазиев қорғады.
Ұлттық құраманы халықаралық турнирге Қайсар Есенғали, Нұрбол Қырықбаев, Дидар Сахратов және Александр Шимановский дайындады.
Халықаралық жарысқа жолдама республикалық чемпионатта жеңіп алынды
Әлихан Нсанбаев әлем чемпионатына қатысу құқығын Kazakhstan Drone Championship & Cup республикалық турнирінің қорытындысы бойынша иеленді.
Аталған жарысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Aspandrone» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Dronly Ltd.» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған.

Осы серіктестердің қолдауымен Қазақстанның дрон-футбол құрамасының халықаралық турнирге қатысуы да қамтамасыз етілді.
Қазақстанда дрон спорты дамып келеді

Елімізде дрон спорты бойынша жарыстар өңірлік, облыстық және республикалық деңгейлерде өткізіледі.
Мұндай сайыстар оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, робототехника мен заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға және дарынды жастарды анықтауға бағытталған.
Сонымен қатар жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және халықаралық чемпионаттарға дайындалуына мүмкіндік береді.
Қазақстандық оқушылардың АҚШ-тағы екі халықаралық турнирде үздік бестікке енуі олардың дрондарды басқару және командалық жарыстардағы дайындық деңгейін көрсетті.