Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Жаңа елдік бағдарламада өңірлік экономиканы дамытуға, мемлекеттік жоспарлауды цифрландыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударылмақ.

Бұл мәселелер Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың кездесуінде қаралды.

Тараптар бұған дейінгі бірлескен жұмыстың нәтижелерін қорытындылап, алдағы бес жылға арналған әріптестіктің негізгі бағыттарын айқындады.

Катаржина Вавьерниа Қазақстанмен көпжылдық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, жасыл қаржыландыруды дамыту, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайту бағытындағы бірлескен бастамаларға тоқталды.

Өңірлердің экономикалық дамуын жоспарлау цифрландырылады

Жаңа елдік бағдарлама аясында БҰҰДБ өңірлердің экономикалық дамуы мен фискалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдерді жетілдіруді ұсынды.

Атап айтқанда, жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарын талдау, сондай-ақ өңірлердің кіріс базасын нығайту әдістерін әзірлеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірлік жоспарлауға заманауи цифрлық құралдарды енгізу мәселесі қарастырылды.

БҰҰДБ өңірлердің экономикалық өсу мүмкіндіктерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктерін және инвестициялық басымдықтарын анықтайтын геоэкономикалық модель әзірлеуді ұсынды.

Мұндай құралдар мемлекеттік органдарға аумақтардың әлеуеті туралы деректерді пайдаланып, басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беруге тиіс.

Шағын және орта бизнесті қолдау күшейтілмек

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және жұмыспен қамту сапасын жақсарту.

Осы мақсатта өңірлерде шағын және орта бизнеске арналған өндірістік кластерлерді дамыту модельдерін сынақтан өткізу ұсынылды.

Ауылдық жерлерде экономиканы әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың табысын арттыруға басымдық берілмек.

Сонымен қатар тараптар экономиканың алдағы қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарына сұранысты болжау жүйесін жетілдіру мәселесін талқылады.

Жасыл қаржыландыру мен орнықты даму мәселелері қаралды

Кездесу барысында БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу жүйесіне енгізу мәселелеріне де назар аударылды.

Атап айтқанда, өңірлік көрсеткіштерді жетілдіру, климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлерге бейімделу және су ресурстарын тиімді басқару бағыттары қарастырылды.

Серік Жұманғарин Қазақстанның БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты жалғастыруға, өңірлік бастамаларды іске асыруға және жасыл қаржыландыру құралдарын дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Сондай-ақ тараптар өңірлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл бағытта халықаралық кредиттік рейтингтерді пайдалану мәселесі де көтерілді.

2026–2030 жылдарға арналған елдік бағдарлама өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, цифрлық жоспарлау құралдарын дамытуға және орнықты даму қағидаттарын мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуге бағытталмақ.