Швейцарияның Цюрих қаласында өткен Қазақстан–Швейцария бизнес-форумының қорытындысы бойынша жалпы болжамды құны 46 миллион АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Құжаттар сауда қатынастарын кеңейту, коммерциялық жылжымайтын мүлік және өндірістік кооперацияны дамыту бағыттарын қамтиды.

Форум Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің 20–22 қазан аралығында Швейцарияға жасаған жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігімен бірлесіп, Switzerland Global Enterprise (S-GE) агенттігінің қолдауымен өткізді.

Бизнес-форумға қазақстандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер делегациясы, сондай-ақ Швейцарияның 90-ға жуық компаниясының өкілдері қатысты.

Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда айналымы 1,12 млрд долларға жетті

Форум барысында S-GE агенттігінің корпоративтік қызметтер және даму жөніндегі басшысы С. Лалив д’Эпине Қазақстанның Орталық Азиядағы Швейцария үшін негізгі экономикалық серіктес екенін атап өтті.

Оның айтуынша, швейцариялық кәсіпкерлердің Қазақстан нарығына қызығушылығы артып келеді.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздің сыртқы сауда саясаты мен экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.

Министр Қазақстанның шикізаттық емес өнімдер экспортын ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтып, швейцариялық компанияларды қазақстандық тауарлар импортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1,12 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары.

Қазақстандық компаниялар экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды

«QazTrade» АҚ бас директоры Н. Құлбатыров Қазақстанның сауда-инвестициялық әлеуеті мен отандық өнімдерді шетелдік нарықтарға шығаруға арналған қолдау құралдары туралы баяндады.

Ол Швейцарияға экспорттауға болатын қазақстандық тауарлардың бағыттарын таныстырып, Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын дамытудағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын атап өтті.

Форум аясында қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдері мен инвестициялық ұсыныстарын швейцариялық серіктестерге таныстырды.

Екіжақты B2B кездесулерде кәсіпкерлер қазақстандық өнімдерді Швейцария нарығына жеткізу, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар «QazTrade» АҚ мен Біріккен сауда палатасы (JCC) сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойды.

Швейцариялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастырды

Жұмыс сапары барысында Арман Шаққалиев Швейцарияның экспорттық сақтандыру агенттігінің (SERV) бас директоры К. Шульце-Бергманнмен кездесті.

Сондай-ақ министр Switzerland Global Enterprise және Швейцарияның Экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшылығы (SECO) қатысатын Team Switzerland Infrastructure (TSI) платформасының өкілдерімен келіссөз жүргізді.

Кездесулерде швейцариялық компаниялардың Қазақстандағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Атап айтқанда, зияткерлік электр желілерін дамыту, энергия үнемдейтін жылумен жабдықтау жүйелерін енгізу, цифрлық есепке алу құралдарын пайдалану, су дайындау және сарқынды суларды тазарту нысандарын жаңғырту мәселелері қарастырылды.

Швейцария тарапы экспорттық тәуекелдерді сақтандыру және жобалық қаржыландыруды қолдау үшін SERV агенттігінің қаржылық құралдарын таныстырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара диалогты жалғастыруға, швейцариялық компаниялардың Қазақстанның мемлекеттік органдарымен және инфрақұрылымдық жобалар операторларымен байланыс орнатуына жәрдемдесуге келісті.

Team Switzerland Infrastructure платформасы Швейцарияның инфрақұрылымдық шешімдерін халықаралық нарықтарға ілгерілету мақсатында SECO, SERV, S-GE агенттіктерін және Swissmem, Swissrail, suisse.ing салалық қауымдастықтарын біріктіреді.

Қазақстанның Швейцарияға жасаған сауда миссиясы екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге, отандық өнімдердің экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға және жаңа инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.