Астанада ерекше балаларды қолдау және жасөспірімдер қауіпсіздігі мәселелері қаралды
Фото: Gov.kz
Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен жастарға психологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Бұл тақырыптар Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді төрағалық етті.

Фото: Gov.kz
Қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 23 мыңнан астам бала тұратынын айтты.
Оларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысына сәйкес, 5 800 балаға жеке түзету бағдарламалары әзірленген.
Қала мектептерінде 414 арнайы педагог және 776 педагог-ассистент жұмыс істейді. Соңғы екі жылда инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны 28-ге артып, 85-ке жетті.

Фото: Gov.kz
Сонымен қатар соңғы бес жылда арнайы білім беру ұйымдарының саны 18-ден 21-ге дейін көбейді. Қазір елордада үш арнайы мектеп, үш арнайы мектепке дейінгі ұйым және екі оңалту орталығы жұмыс істейді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселесіне де назар аударылып отыр.
Биыл алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар 20 студент колледжде «наубайшы» және «кондитер» мамандықтары бойынша оқуын аяқтады. Тағы 10 студент тігін ісі саласында білім алды.
Қосымша білім беру жүйесінде Астананың алты ауданындағы 11 ұйымда 296 бала бейімделген спортпен, музыкамен, хореографиямен, өнермен, шығармашылықпен және басқа да бағыттармен шұғылданады.
Талқылау барысында комиссия мүшелері жүйелі шешімдерді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, түзету көмегінің қолжетімділігі, түзету және инклюзияны қолдау кабинеттерінің жеткіліктілігі, сондай-ақ білім беру ұйымдарын қажетті мамандармен және тиісті жағдайлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдердің оқуын жалғастыруы және болашақ мамандығын таңдауы да бөлек қаралды.
Осыған байланысты бейінді басқармалармен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары мен мүгедектігі бар талапкерлерге кәсіптік бағдар беру жұмысына талдау жүргізу ұсынылды. Таңдалған мамандықтарды елордадағы кадрларға нақты сұраныспен және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен салыстыру жоспарланып отыр.

Фото: Gov.kz
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу шарттарын республикалық деңгейде қайта қарау мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, талапкерлердің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, ҰБТ-ны шекті талап ретінде қолдану тәсілдерін пысықтау ұсынылды.
Отырыста әлеуметтік сала ұйымдарында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандардың мәртебесі де талқыланды.
Олардың жұмысының сипаты мен маңыздылығын ескере отырып, аталған мамандардың кәсіби мәртебесін жетілдіру және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Жасөспірімдерге психологиялық және психиатриялық көмек көрсету мәселесі де жеке қаралды.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуованың айтуынша, елордада балалар мен жасөспірімдерді қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе олардың эмоционалдық саулығын сақтауға және қажетті көмекті уақтылы көрсетуге бағытталған.

Мазасыздық жағдайлары мен қауіп факторларын ерте анықтау, балаға дер кезінде қолдау көрсету және мамандардың отбасымен өзара іс-қимылы маңызды бағыт ретінде аталды.
Астана қаласы Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Әлия Жүсіпова жасөспірімдердің психологиялық саулығы мен буллингтің алдын алу кешенді тәсілді қажет ететінін айтты.
Оның сөзінше, бұл тек бір ведомствоның міндеті болмауы керек. Бұл бағытта ата-аналардың, мектептің, психологтар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы маңызды.
Сондай-ақ ол бала тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктің отбасы мен мектеп арасында бір-біріне жүктелу мәселесіне назар аударып, баланың эмоционалдық жағдайына дер кезінде көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
Комиссия отырысының қорытындысында балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың әлеуетін дамыту және қоғамға толыққанды кірігуіне жағдай жасау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі айтылды.