Қазақстан мен Израиль дәрігерлерді тәжірибелік оқыту мүмкіндігін талқылады
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Израильдің Berman Group компаниясының өкілдері медициналық кадрларды даярлау және заманауи медициналық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Berman Group директоры Марк Берманмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық медицина мамандарының алған білімін кейіннен отандық клиникаларда қолдануына мүмкіндік беретін тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту мәселесін қарастырды.
Перспективалық бағыттардың бірі ретінде Қазақстандағы медициналық ұйымдар базасында израильдік мамандардың қатысуымен мастер-кластар өткізу ұсынылды. Мұндай формат дәрігерлерге заманауи тәсілдер мен технологияларды практикалық жұмыс барысында меңгеруге жағдай жасайды.
Манас Рамазанов халықаралық ынтымақтастық нақты практикалық нәтижеге бағытталуы қажет екенін атап өтті.

– Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың нақты практикалық нәтижеге бағытталуы маңызды. Алынған білім мен технологиялар біздің медициналық ұйымдарда қолданылып, түптеп келгенде пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.
Сондай-ақ кездесуде медициналық білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мамандар даярлау, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.