Voice of Turan фестивалі Түркістанда әлемнің 20-ға жуық елінен келген өнерпаздардың басын қосады
2026 жылғы 25-27 қыркүйек күндері Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан астында халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді.
Фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің және облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен ұйымдастырылады.
Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері фестивалі – қазақ музыкасын және қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған ірі мәдени жоба. Сонымен қатар фестиваль Түркістанның тарихи-мәдени келбетін әлемге танытуды мақсат етеді.
Биыл фестиваль жетінші рет ұйымдастырылмақ.
Ән додасына Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан келген өнерпаздар қатысады.
Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ түркі әлемінің танымал жұлдыздары бір сахнада өнер көрсетеді.
Фестивальдің басты мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару, қазақ музыкасының халықаралық беделін арттыру және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығы ретінде кеңінен таныту.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.
Қазылар алқасы мен кеш қонақтарының қатарында Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров бар.
Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі аясында бірнеше ауқымды мәдени бағдарлама өтеді.
25 қыркүйек күні түркітілдес елдердің танымал өнерпаздарының қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті ұйымдастырылады. Көрермендер ұлттық музыка мен заманауи орындаушылық өнер үйлескен ерекше кешті тамашалайды.
Гала-концертте Қырғызстанның танымал әншілері Jax және Дастан Кенчинбаев, Әзірбайжаннан Нармин, Башқұртстаннан Зайнетдин, Тывадан Сайзана Сюрюн, Қарақалпақстаннан Алишер Байниязов, Өзбекстаннан Ozoda Nursaidova өнер көрсетеді.
Сондай-ақ сахнаға қазақ эстрадасының өкілдері Дастан Оразбеков, Әділет Жауғашар, Дос, Бауыржан Макаев, «Таңба» тобы, «Turan boys» тобы және басқа да өнерпаздар шығады.
26 қыркүйекте фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі және «Жұлдызды жұп» кезеңі өтеді. Бұл күні шетелдік қатысушылар еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге белгілі қазақ әндерін және заманауи хиттерді орындайды.
Сонымен қатар фестивальдің әр жылдардағы жеңімпаздары мен шығармашылық ұжымдар өз өнерін көрсетеді. Бағдарлама елімізге танымал хореографиялық ұжымдардың қойылымдарымен толықтырылады.
27 қыркүйекте фестивальдің «Қазақ әні» кезеңі өтеді. Байқау күні қатысушылар қазақ әндерін, соның ішінде халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын көрермендер мен кәсіби қазылар алқасының назарына ұсынады.
Әр шығарма хореографиялық қойылымдармен және бейнеконтентпен көркемделіп, көрерменге әсерлі форматта жеткізіледі.
Сондай-ақ фестивальдің қорытынды күні еліміздің танымал өнер шеберлері сахна төрінде ән шырқайды.