Тоқаев Lotte Group басқарма төрағасы Дон Бин Шинмен кездесті
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Lotte Group компаниясының басқарма төрағасы Дон Бин Шинді қабылдады.

Фото: akorda.kz
Кездесу барысында Президент Lotte компаниясы Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ықпалдастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан сенімді серіктес екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық компанияның еліміздің тамақ өнеркәсібіндегі қызметіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы «Рахат» брендін дамытуға, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты жобалардың табысты іске асырылғанына назар аударды.
Сонымен қатар Президент Lotte Global Logistics компаниясының көлік-логистика инфрақұрылымын жандандыру және өңірлік әрі халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыру жөніндегі жоспарларына тоқталды.

Фото: akorda.kz
Кездесуде қонақ үй бизнесін дамыту мәселесі де қарастырылды. Мемлекет басшысы Алматыда Lotte брендімен салынатын алғашқы қонақ үй құрылысына қатысты келісімді құптады. Оның айтуынша, бұл бастама компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту тұрғысынан келешегі зор жоба саналады.
Дон Бин Шин компанияның тамақ өнеркәсібі, логистика қызметі және қонақ үй бизнесі салаларына инвестиция құю жоспарын растады.
Сондай-ақ ол Alatau City жобасын дамытуға, соның ішінде Iconic Complex кешенінің құрылысына қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесу соңында Lotte және Sensata Invest компаниялары Алматы қаласында Lotte отелін салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум алмасты.
Бұдан бөлек, Lotte мен Alatau City Authority кәсіпорындары Алатау қаласында қонақ үй мен резиденциялар құрылысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум алмасты.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz