Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады.

Фото: akorda.kz

Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан Hanwha Group компаниясын Кореяның стратегиялық маңызы бар бірқатар саласында халықаралық позициясы берік жетекші бизнес топтарының бірі ретінде қарастырады.

Мемлекет басшысы елімізде ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Осы ретте Президент Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Hanwha Group компаниясымен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тиімді нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.

Ким Дон Вон Hanwha Group 1997 жылы Қазақстанмен ынтымақтастықты бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол компанияның Қазақстандағы цифрландыру үдерісіне және түрлі жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігін ерекше ықыласпен қабылдағанын жеткізді.

Фото: akorda.kz