Сеулде Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі «Достық» орденін табыстау рәсімі өтті.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты шараға жиналған қауымға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей халықтарының ежелден достық байланыста екенін атап өтті.

– Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырады. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік.

Фото: akorda.kz

Президент екі ел арасында терең саяси диалог қалыптасып, көпжақты ынтымақтастық нығайып келе жатқанын айтты.

– Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты нығайтуда еліміздегі корей ұлты өкілдерінің рөлі ерекше екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады. Олар елдің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосып келеді.

– Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады.

Фото: akorda.kz

Президенттің пікірінше, қазақ пен корей халықтары арасындағы достықты нығайту екі елдің ортақ мүддесіне сай келеді.

– Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін.

Рәсім барысында Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн, Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун, сондай-ақ Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz