Қазақстан экономикасына 2035 жылға дейін 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарының өкілдері болмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде елдегі жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Осылайша, жұмыспен қамту деңгейі 96%-ға жетіп отыр. Еңбек ресурстарының едәуір бөлігінде техникалық және кәсіптік білім бар.

Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары болып отыр. Электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы кәсіптерге тиесілі.

Болжамға сәйкес, алдағы жылдары мамандарға деген қажеттілік әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында артады.

Осыған байланысты сұранысқа ие кәсіптер тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілді. Олардың қатарында инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика салаларындағы мамандықтар бар.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Кейбір кәсіптер біртіндеп жойылса, көпшілігі жаңа талаптарға сай трансформацияланады. Сонымен бірге бұрын болмаған жаңа кәсіби бағыттар пайда болады.

Осы жағдайда кадр даярлау жүйесі экономиканың қазіргі ғана емес, болашақтағы қажеттіліктерін де алдын ала ескеруі тиіс. Ол үшін сұранысы жоғары мамандықтарды дер кезінде анықтап, біліктілік талаптары мен білім беру бағдарламаларын тұрақты түрде жаңартып отыру қажет.