Астанада 15-17 қазан аралығында алғаш рет жүзуден World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогының кезеңі өтеді.

Елордадағы кезең Silk Road Tour сериясының қорытынды жарысы болады.

Биыл World Aquatics Еуразияның үш қаласын әлем кубогының бірыңғай бағытына біріктірді. Бұл қатарға Баку, Ташкент және Астана қалалары енді.

Серия Еуропа мен Шығыс Азияны ғасырлар бойы байланыстырған Ұлы Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды.

Алғашқы кезең 1-3 қазан аралығында Бакуде өтеді. Екінші кезең 8-10 қазанда Ташкентте ұйымдастырылады. Ал серияның қорытынды жарысы 15-17 қазан күндері Астанада өтеді.

Астанадағы кезеңнің бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 17-ден, жалпы 34 жеке жарыс түрі енгізілген. Сонымен қатар спортшылар ерлер, әйелдер және аралас эстафеталық жарыстарда бақ сынайды.

Жарысқа әлемнің үздік жүзушілері қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және қазіргі әлем рекордшылары бар.

Silk Road Tour сериясының үш кезеңіне 50-ден астам елден 750-ден аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Серияның жалпы жүлде қоры 1,2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл сома әлемдік рекордтар мен басқа да жетістіктер үшін берілетін бонустарды қамтымайды.

World Aquatics әлем кубогының кезеңдері ірі халықаралық жарыстарға іріктеу кезеңдерінің ресми жарыстары қатарына кіреді.

Спортшылар үшін Silk Road Tour желтоқсан айында Бейжіңде өтетін 25 метрлік бассейндегі жүзуден әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.