«Түнгі қаладағы балалар қауіпсіздігі» акциясы
Республикалық «Zhastarmen» акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың «Алматы» ауданында кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейдтер жүргізілуде. Іс-шараларға аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері, әкімдік өкілдері және «Астана жастары» волонтерлері қатысуда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесі мен бақылауына қатысты жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында мобильді топтар «Алматы» ауданы аумағындағы компьютерлік клубтарды, ойын алаңдарын, кинорумдар мен барларды аралайды. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар көшелерде, саябақтар мен скверлерде де жүргізіледі.

Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Аида Мендібаеваның айтуынша, мұндай рейдтер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.

«Басты мақсатымыз – балалардың, соның ішінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларға қатысты жауапкершілігін арттыру маңызды. Рейд барысында жасөспірімдерге қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, ата-аналармен де профилактикалық жұмыстар жүргіземіз», – деді Аида Мендібаева.
Оның сөзінше, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына құқықтық және профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Астана қаласы №6 учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Расул Еркеғали Әбдіметәліұлы профилактикалық жұмыстардың жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
«Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қауіпсіз ортада болуы өте маңызды. Осы бағытта полиция қызметкерлері ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен, прокуратура және әкімдік өкілдерімен бірлесіп тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деді ол.
Профилактикалық жұмыстар мектептерде де жалғасады. 7–11-сынып оқушыларына түнгі уақытта қауіпсіздік талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және өзара сыйластықты сақтау бойынша түсіндіру кездесулері өткізіледі.

Алматы ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Данара Тілегеннің айтуынша, «Түнгі қаладағы балалар қауіпсіздігі» акциясы аясында ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, кинорумдар, саябақтар мен скверлер қамтылады.
«Акцияның мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар жасөспірімдермен профилактикалық және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деді Данара Тілеген.

Оның сөзінше, полиция қызметкерлері сағат 22:00-ден кейін кинорумдар мен түнгі компьютерлік клубтарды араласа, 23:00-ден кейін көшелерді, саябақтар мен скверлерді қамтитын профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
«Астана жастарының» құқық бұзушылықтың алдын алу бағыты бойынша қызметкері Ақбота Алмасқызы ата-аналар мен балалар арасындағы ашық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды.
«Меніңше, ең бастысы – баламен ашық сөйлесу. Ата-ана баласының қайда, кіммен жүргеніне мән беріп, онымен сенімді қарым-қатынас орнатуы керек», – деді ол.
«Астана жастары» волонтерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жасөспірімдермен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуге атсалысады.
Мұндай бірлескен іс-шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-аналар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.