Астана прокуратурасы пробация талаптарын сақтау туралы ескерту жасады
Фото: Gov.kz
Астана қаласының прокуратурасы пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға сот белгілеген талаптарды қатаң сақтау қажет екенін ескертті. Құқық қорғау органының мәліметінше, пробациялық бақылауда болу сот тағайындаған жазадан босатпайды.
Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау тобының прокуроры Бейбіт Әбдіқадыр мәлімдеді.
Оның айтуынша, пробациялық бақылау сотталушының жазасын түрмеде емес, үйде, бірақ пробация қызметінің бақылауымен өтеуін білдіреді. Мұндай тәртіп адамның отбасынан және жұмысынан алшақтамай, түзелуіне және жаңа құқық бұзушылық жасамауына мүмкіндік беру үшін қолданылады.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушыға қандай әрекеттерге рұқсат етілетінін және қандай шектеулер бар екенін түсіндіреді. Ал адам пробация қызметіне тіркелгеннен кейін, қызметкерлер белгіленген қағидаларды үнемі еске салып, олардың орындалуын қадағалайды.
Прокуратура сот белгілеген міндеттер мен шектеулерді сақтауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Егер үкімде белгілі бір уақытта, мысалы, 22:00-ден кейін тұрғылықты жерінен шықпау міндеті көрсетілсе, сотталған адам сол уақытта үйінде болуы керек.
Сондай-ақ тиісті тыйым болған жағдайда ойын-сауық мекемелеріне және сот баруға шектеу қойған өзге де орындарға баруға болмайды. Бұдан бөлек, пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін өз бетінше өзгертуге немесе белгіленген аумақтан тыс жерге шығуға жол берілмейді.
Сотталған адам шақыру бойынша пробация қызметіне уақтылы келуге, сот жүктеген міндеттерді орындауға, пробация қызметі қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға және жаңа құқық бұзушылықтар жасамауға міндетті.
Егер қандай да бір жағдай талапты орындауға немесе пробация қызметіне келуге кедергі келтірсе, бұл туралы дереу хабарлап, қажет болған жағдайда құжатпен растау қажет.
Прокуратура бір реттік кездейсоқ бұзушылық әрдайым бас бостандығынан айыруға әкелмейтінін түсіндірді. Алайда адам қағидаларды жүйелі түрде немесе өрескел бұзса, пробация қызметі сотқа жүгінуі мүмкін. Мұндай жағдайда бас бостандығын шектеудің қалған мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Құқық қорғау органының мәліметінше, мерзім аяқталуға 2-3 ай ғана қалған кезде де адамдардың колонияға жіберілген жағдайлары болған. Сондықтан жазаның аз ғана бөлігі қалса да, белгіленген талаптарды елемеуге болмайды.

Фото: Gov.kz
– Жыл басынан бері елорда соттары осындай 387 істі қарады. 198 жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Қала прокуратурасының бастамасымен аудандар прокуратурасының, пробация қызметінің, полиция қызметкерлерінің және әкімдік қызметкерлерінің арасынан мобильді топ құрылды. Осы топтың негізгі міндеті сотталғандар тарапынан құқық бұзушылықтарға жол бермеу болып табылады: тұрғылықты жері бойынша болуы тексеріледі, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды азық-түлік себеттерімен қамтамасыз ету ұйымдастырылады.
Прокуратура сотталған адам қағидаларды адал орындап, пробация қызметіне уақытында келіп, барлық шектеуді сақтаса, бостандықта қалатынын атап өтті. Ал келмеу, өз бетінше көшу, үйде болу уақытын бұзу, тыйым салынған жерлерге бару және басқа да заңбұзушылықтар ауыр салдарға, соның ішінде түрмеге жіберуге әкелуі мүмкін.
– Сот пен заңның барлық талаптары сақталған жағдайда ғана бостандықта қалуға болады.