Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Астана спортшылары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 8 медаль иеленді.

Елордалық спортшылардың еншісінде 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар.

Астана өкілдері тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату және жілік сындыру бойынша командалық әрі жекелей жарыстарда жүлдегер атанды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Тоғызқұмалақтан Биғали Зікірияев командалық есепте алтын медаль жеңіп алса, жекелей сында күміс жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасындағы жарыста Құндыз Есіркеп пен Гүлнәр Базаралиева командалық есепте күміс медаль иеленді. Ал жекелей сында елордалық спортшылар қола жүлдегер атанды.

Дәстүрлі садақ атудан «Орталық Азия» дисциплинасында Айкөркем Батихан күміс медаль жеңіп алды.

Жілік сындырудан командалық жарыста Әмірбек Жұмаділ Қазақстан құрамасының сапында қола жүлдеге ие болды.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана спортшыларының қоржынына 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түсті. Елордалық спортшылар жалпыкомандалық есепте I орын алған Қазақстан құрамасының жеңісіне өз үлесін қосты.