«Қазсушар» РМК Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің су теңгерімін сақтау және биологиялық әртүрлілікті қорғау мақсатында 40 млн текше метр су жіберді.

Табиғатты қорғау жұмыстарына кәсіпорынның «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан. Бұл аймақ қоқиқаздар мен басқа да құстардың негізгі мекен ету орындарының бірі саналады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, табиғи су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін мұндай су жіберу жұмыстары Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын жүргізіледі.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік экологияға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы алқаптарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін үлкен күш жұмсап жатыр.

Министрлік мұндай шаралар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға және биоалуантүрлілікті қорғауға бағытталғанын мәлімдеді.