Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Президент министрлік қызметінің басым бағыттарын айқындап, ведомство алдына бірқатар нақты міндет қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және оны кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуге назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеудің маңызын атап өтті.
Кездесуде мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне де ерекше мән берілді. Президент отандық ақпарат кеңістігін жандандыру және заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіру қажет деп санайды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ жастардың жасампаз әлеуетін іске асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.