Астананың Орталық жағалауында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Білім күніне орай «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті.

Іс-шараны Дін істері басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Акцияның ұраны ретінде «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» сөзі таңдалды. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың діни және құқықтық сауатын арттыру, елорда тұрғындарын деструктивті діни ағымдардың ықтимал қатерінен қорғау, сондай-ақ ұлттық, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жағалауда ашық интерактивті алаң ұйымдастырылды. Мамандар мен сарапшылар келушілерге Қазақстандағы дін саласына қатысты дәстүрлер, мәдени ерекшеліктер және заң талаптары туралы түсіндірме берді.

Іс-шара барысында өскелең ұрпақпен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Жасөспірімдерге Отанды сүю, білім алудың маңызы және отбасы құндылықтарын дәріптеу тақырыптарында танымдық викториналар, зияткерлік ойындар, мақал-мәтелдер сайысы және басқа да іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамалар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, оң моральдық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталды.

Бағдарламаның негізгі бөлімдерінің бірі «сұрақ-жауап» форматындағы ашық диалог болды. Кез келген тұрғын дінге қатысты өзекті мәселелер бойынша мамандардан кеңес алып, деструктивті діни ағымдарға тарту тәсілдері мен олардың ықтимал қауіптері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар алаңда әлеуметтік және ағартушылық бейнероликтер көрсетілді.

Акция аясында волонтерлер қала тұрғындарына үш мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Баспа материалдарында діни білім алуға арналған сенімді дереккөздерді таңдау жөніндегі кеңестер, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдардың тізімі, қолданыстағы заңнама нормаларынан үзінділер және қауіпсіздіктің негізгі ережелері қамтылды.

Ұйымдастырушылар белсенді қатысушыларды да назардан тыс қалдырмады. Тақырыптық байқаулар мен викториналардың жеңімпаздары алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ ауқымды қалалық іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысқан волонтерлерге арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды.