Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан күміс жүлдегер атанды.

Елордалық спортшы «Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықта өткен әйелдер арасындағы сайыста бақ сынады. Бұл бәсекеге әлемнің 51 елінен 80-нен астам мерген қатысты.

Айкөркем Батихан мықты қарсыластарының арасынан суырылып шығып, финалдық кезеңге жолдама алды. Ақтық сында ол шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, II орын иеленді. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль түсті.

Дәстүрлі садақ атудан елорданың тағы бір өкілі де жарыста бақ сынайды.

Бүгін, 4 қыркүйекте, Астана қаласының бірқатар спортшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жарыстарын жалғастырады.

Тазы жарысында елорда атынан Алмас Оралбек «Сағым» атты тазысымен өнер көрсетіп, бүгінгі сайысын жалғастырады.

11 шақырымдық жорға жарысында Астана қаласының атынан Әлия Тоқтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев сынға түседі. Вероника Румянцева қосалқы қатысушы ретінде тіркелген.

Мангала сайысында елорда намысын Гүлнәр Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зікрияев қорғап жатыр. Астаналық спортшылар жарысты жалғастыруда. Мангала бойынша қорытынды нәтижелер 6 қыркүйекте белгілі болады.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.