Астанада бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және жазасын қоғамнан оқшаулаусыз өтеп жүрген азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар бірлескен жобалардың алғашқы нәтижелерін таныстырып, қайта әлеуметтендіру үдерісін цифрландыру бойынша ұсыныстар айтты.

«Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қорының өкілдері Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың аралық қорытындысын таныстырды. Мамандар бас бостандығынан айыру орындарынан оралған азаматтарға заң көмегінен бастап, жеке кәсіп ашуға дейін кешенді қолдау көрсетіп келеді.

Қор директоры Орынбасар Құлжабаеваның айтуынша, 2026 жылдың қыркүйегіне дейін қорға 653 азамат тіркелген. Оларға әртүрлі бағытта көмек көрсетілген.

– 2026 жылдың қыркүйегіне дейін қорымызға 653 азамат тіркелді. Оларға түрлі бағытта көмек көрсеттік. 306 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, тағы 34 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін бастады. Сонымен қатар 146 адам психодиагностикалық тексеруден өтіп, 63 азамат құқықтық кеңес алды. Алайда 73 адам әзірге жұмыссыз отыр. Сондықтан біздің міндетіміз – әрқайсысына қоғамнан өз орнын табуға көмектесу.

Практикалық жұмыс нәтижесінде қор мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс әзірледі. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын тиімді іріктеу және қамқорлықтағы азаматтарды сүйемелдеу үшін жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық сервистерді енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ мамандандырылған «Әлеуметтендіру және оңалту» орталығын ашуға қолдау көрсету және сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінде-ақ бостандыққа шығуға жүйелі түрде дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Әсел Мақашева бостандыққа шығуға дайындық мекемеге келген сәттен басталатынын айтты.

– 2026 жылдың сегіз айында департамент бөлімшелерінен 485 сотталған адам босап шықты. Оларды бостандыққа дайындау мекемеге келген сәттен басталады. Олар мамандық алып, құжаттарын және әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіреді. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайды. Азаматтың оралуына тиісті органдар алдын ала дайындалуы үшін біз әкімдіктерге, ішкі істер органдарына және пробация қызметіне 883 хабарлама жолдадық.

Бостандықтағы өмірге қайта бейімделу бірнеше мемлекеттік органның үйлесімді жұмысын талап етеді. Әсіресе баспанасы немесе тұрақты күнкөріс қаражаты жоқ азаматтарға кешенді қолдау қажет. Осы мақсатта елордада шұғыл қолдау және әлеуметтік көмек көрсетуге арналған арнайы бағдарламалар жұмыс істейді.

Әсел Мақашеваның айтуынша, жыл басынан бері Астананы тұрғылықты жері ретінде таңдаған 67 азамат босап шыққан. Оның 23-і әлеуметтік-құқықтық көмекке аса мұқтаж болған.

– Жыл басынан бері Астананы тұрғылықты жері ретінде таңдаған 67 азамат босап шықты. Оның 23-і әлеуметтік-құқықтық көмекке аса мұқтаж болды. Біз 11 адамды бейімдеу орталықтары мен баспаналарға орналастырдық. Сонымен қатар Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде осындай 9 кездесу өткізілді. Онда азаматтарға түрмеден шыққан сәттен бастап алғашқы қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, босап шыққан азаматтарға 15 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңге мөлшерінде біржолғы төлем алуға мүмкіндік қарастырылған.

Кездесу соңында қатысушылар азаматтардың қоғамға сәтті бейімделуінің негізгі шарттарының бірі ресми жұмысқа орналасу екенін атап өтті. 2026 жылы соттылығы бар азаматтарға белгіленген жұмыс орындары квотасы аясында 21 адам жұмысқа орналастырылды.

Қоғамдық ұйымдар мен ҚАЖ департаментінің өкілдері жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын қатаң сақтауға шақырды. Ал мемлекеттік органдарға бұрынғы сотталғандардың қаржылық мәселелерін шешуге, соның ішінде банк шоттарын бұғаттаудан шығаруға және банкроттық рәсімдерінен өтуге жәрдемдесу ұсынылды.