Алматыдағы Орталық ипподромда жорға жарыстан Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша елордалық шабандоздар жүлделі орындарға ие болып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды.

Жарысқа қатысушылар 9 шақырым қашықтықта бақ сынады. Астана командасының өкілдері бірінші және екінші орындарды иеленді. Бірінші болып Экспресс Лок атты жорға келсе, Қаратал екінші орынға тұрақтады.

Жарыста команда құрамына жақында қосылған 13 жастағы қыз-жокейдің өнері де көпшіліктің назарын аударды. Алғашқы жарыстарының бірінде-ақ жас спортшы жақсы нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Жаттықтырушы әрі чемпион Әлия Тоқтасынованың айтуынша, бұл жарыстың маңызы ерекше. Себебі ол алда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңі болды.

«Бұл біз үшін өте маңызды жарыс болды. 9 шақырым қашықтықта бақ сынап, бірінші және екінші орындарды иелендік. Әсіресе, 13 жастағы жокейіміздің нәтижесіне қуаныштымыз. Ол командаға жақында ғана қосылды, соған қарамастан жақсы нәтиже көрсетті. Жүлделі орындардың арқасында Көшпенділер ойындарына іріктеуден сәтті өттік. Ендігі басты міндетіміз – жақсы дайындалып, алдағы жарыста Астана мен Қазақстанның намысын лайықты қорғау», – деді Әлия Тоқтасынова.

Команданың келесі жарысы 29 тамызда Алматыдағы Nomad Arena ипподромында өтеді. Спортшылар бұл жолы жорға жарыстан 5 шақырым қашықтықта сынға түседі.

Алматыдағы жарыстан кейін команда Қырғызстанға аттанып, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады. Онда елордалық шабандоздар 11 шақырымдық қашықтықта өнер көрсетеді.