Астанада аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілеріне арналған жоспарлы оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.

Он күн бойы жиынға қатысушылар әскери дағдыларын қайта пысықтап, бөлімшелер құрамында іс-қимыл жасау тәсілдерін үйренеді.

Әскери жиындар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің мобилизациялық резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Олар әскери міндеттілердің білімі мен дағдысын жетілдіріп қана қоймай, қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайтып, ел қауіпсіздігі әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айқындай түседі. Бағдарлама аясында саптық, тактикалық, атыс және арнайы дайындық, сондай-ақ аумақтық қорғанысты ұйымдастыру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған.

Фото: Gov.kz

«Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 2026 оқу жылына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің қаулысына сәйкес аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Оқу-жаттығулар 7-16 шілде аралығында өтті. 15 шілдеде тактикалық кезеңдердің бірі – ротаның елорданың ерекше қорғалатын нысандарын күзету және қорғау бойынша іс-қимылдары пысықталды. Жаттығу барысында әскери міндеттілер стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жөніндегі практикалық әрекеттерді орындады. Қазіргі уақытта оқу-жаттығуға 102 әскери міндетті қатысты. Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде өтті. Он күндік жиын барысында біз әскери міндеттілерге әскери істің негіздерін үйретіп, оларды аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттері мен мақсатымен таныстырдық. Сондай-ақ әскери немесе төтенше жағдай енгізілген кезде және түрлі төтенше жағдайлар туындаған жағдайда атқарылатын іс-қимылдарға баулыдық. Оқу-жаттығуларға қаланың барлық дерлік күштік құрылымдары – Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан, Ішкі саясат басқармасы, Мәдениет басқармасы және басқа да мемлекеттік органдар қатысты», – деді №99255 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары, подполковник Еркебұлан Әбіжов.

Жиын барысында бөлімшелердің үйлесімді әрекет етуіне, командирлердің шешім қабылдауына және шынайы жағдайға барынша жақын ортада практикалық іс-қимылдарды пысықтауға айрықша назар аударылуда.

Фото: Gov.kz

Жиын қорытындысы бойынша бұған дейін мерзімді әскери қызметтен өткен әскери міндеттілер өздерінің практикалық дағдыларын бекітіп, жетілдіруге тиіс. Ең алдымен, стратегиялық маңызды нысандар мен қаланың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын күзету және қорғауды ұйымдастыру мәселелері қамтылады. Олар шабуыл жасалған, түрлі қауіп-қатер немесе өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде қалай әрекет ету керегін білуі қажет.

Оқу-жаттығу жиындары ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әскери міндеттілердің әрдайым дайын болуын қамтамасыз етеді әрі мемлекеттің мобилизациялық резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады.