Қатонқарағайдағы жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын
Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында екі ауысыммен 350-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Жобаға 130-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған.
Құрылыс барысында ұзындығы 5 шақырымдық республикалық маңызы бар жаңа автожол салынды. Сондай-ақ ұзындығы 2 мың метр, ені 35 метр болатын ұшу-қону жолағы толық аяқталған. Бұл Bombardier Q400 сынды заманауи жолаушылар ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазір мұнда терминал ғимараты, «Қазаэронавигация» нысаны мен техникалық ғимараттардың құрылысы жалғасуда. Жалпы құрылыс кезінде алаңнан 2,5 миллион тоннадан астам топырақ шығарылған.
Жоба жетекшісі Нұржан Ескендіровтің айтуынша, таулы аймақта топырақ көшкінінің алдын алу мақсатында 3 шақырымдық тіреу қабырғалары тұрғызылған.
«Қазіргі таңда қажетті жабдықтар мен құрылыс материалдары күтіліп отыр. Олар жеткізілген бойда бірден монтаждау жұмыстары басталады. Жер бедері күрделі, артық топырақ көлемі көп болғандықтан, ұзындығы 3 шақырым болатын тіреу қабырғалары салынды», – деді ол.
Жаңа әуежай көлік инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, өңір туризмінің дамуына да серпін береді. Атап айтқанда, ол Қатонқарағай, Күршім және Үлкен Нарын аудандарына келетін туристердің жол уақытын қысқартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерліктің дамуына жол ашады.