«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Нұра ауданында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық рейд өтті.

Рейдке Нұра ауданы әкімдігі аппаратының қызметкерлері аудан прокуратурасымен, Төтенше жағдайлар басқармасымен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп қатысты.

Шара барысында тұрғындарға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды әрі қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берілді.

«Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бүгін прокуратура, Төтенше жағдайлар басқармасы және Нұра ауданы полиция басқармасымен бірлесіп профилактикалық рейд өткіздік. Жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларды таңдап, балаларды қараусыз қалдырмау өте маңызды. Рейд барысында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың сұрақтарына жауап берілді», – деді Нұра ауданы әкімдігі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Жансейіт Тынбаев.

Рейд кезінде тұрғындарға жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу өмір мен денсаулыққа зор қауіп төндіретіні ескертілді. Су жағасында демалу үшін тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайларды таңдау қажет. Сондай-ақ қандай жағдайда да балаларды қараусыз қалдыруға болмайтыны айтылды.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта елордада суға шомылуға арналған бес ресми орын белгіленген. Оның ішінде Нұра ауданында қауіпсіз әрі жайлы демалуға барлық жағдай жасалған Орталық қалалық жағажай жұмыс істейді.