Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңына арнайы барып, нысанды реконструкциялау мен жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінгі таңда нысанның дайындық көрсеткіші 41 пайызды құрайды.

Жұмыс сапары кезінде мердігер ұйым, жобалаушы және техникалық қадағалау өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының ағымдағы жайы, құрылыс кестесінің сақталуы, сондай-ақ жобаны белгіленген мерзімде тәмамдау үшін атқарылып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Нысанның жалпы ауданы – 8 409 шаршы метр. Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасы мен шатырын орнату жұмыстары түгел аяқталды. Бұған қоса, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін монтаждау жалғасуда. Сонымен бірге перрон мен конкорстық өткелдің құрылысы, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Нысанды аралау қорытындысы бойынша вице-министр мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын тиісті қарқынмен алып жүруді, жұмыс сапасын бақылауды күшейтуді және реконструкция жұмыстарын бекітілген кестеге сай аяқтау үшін барлық қажетті шараны қолға алуды тапсырды.

Еске сала кетсек, Астана-1 теміржол вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Жұмыстар аяқталған соң жаңартылған вокзал жолаушылардың барлық санаты үшін жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік жөніндегі заманауи талаптарға толық жауап береді.