Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай Астана қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы музыка пәні мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық челлендж бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Челлендждің негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу, күй өнерін кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың домбыраға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру.

Игі бастама аясында елордалық білім беру ұйымдарының оқушылары мен ұстаздары қасиетті қара домбырамен күйлер орындап, ұлттық өнерді ұлықтауға үлес қосып жатыр. Челлендж қатысушылары әлеуметтік желілер арқылы өнер көрсетіп, өңірлерді эстафетаны жалғастыруға шақыруда.

Республикалық челленджді алғашқылардың бірі болып Алматы облысының білім беру ұйымдары қолдап, эстафетаны қабыл алды. Қазіргі таңда бастама Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалғасып, ұлттық өнерді насихаттау ісіне еліміздің өзге өңірлері де белсенді түрде атсалысып отыр.

Ұлттық домбыра күніне арналған бұл бастама өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруге және мәдени мұрамызды дәріптеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.