Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елдің дамуына ерекше үлес қосқан 8 адамға ең жоғары партиялық марапаттардың бірі – «1 шілде» орденін табыстады.

Марапатталғандардың қатарында қазақ ұлтынан шыққан дәрігер Оқас Сүлеймен де бар. Ол бұл жоғары наградаға ие болған алғашқы қазақ атанды.

Оқас Сүлеймен 40 жылдан астам уақыт бойы Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданындағы Дөрбілжін елді мекенінде дәрігер болып қызмет еткен. Ол ондаған жыл бойы аптап ыстыққа, қақаған аязға және қолайсыз ауа райына қарамастан, шалғайдағы малшы ауылдарға атпен барып, тұрғындарға медициналық көмек көрсеткен.

Дәрігер еңбек жолында 100 мыңнан астам науқасты қабылдап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. Сонымен қатар 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектесті.

Айта кетейік, «1 шілде» ордені – Қытайдағы ең беделді партиялық марапаттардың бірі. Ол 2017 жылы тағайындалғаннан бері бұл жоғары наградаға небәрі 37 адам ғана ие болған.