Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының заңды күшіне енген күніне орай жаңа аллея ашылды.

Жаңа қоғамдық кеңістік Мәңгілік Ел даңғылында, Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік архиві мен Конституциялық Соттың жанында орналасқан.

Елордада қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жақсы дәстүрге айналған. Дегенмен бұл аллеяның мәні ерекше. Себебі оның ашылуы Конституция күнімен тұспа-тұс келді.

Айта кетейік, Конституция – елдің Ата заңы ғана емес, мемлекеттің негізгі құндылықтарын айқындайтын басты құжат. Бұл құндылықтар заңдарда ғана емес, күнделікті өмірде де көрініс табуы тиіс.

Жаңа аллеяның ашылуы дамуға ұмтылыстың, жайлы қалалық орта қалыптастырудың және Қазақстанның игілігі жолындағы ортақ жауапкершіліктің символы ретінде бағаланып отыр.