Ұлытау облысында өткен «Ulytau Invest–2026» Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы аясында жалпы құны 368,6 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Құжаттар өңірде бірқатар маңызды жобаны іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, тұрғын үй қорын және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту, шахталардағы өндірістік қауіпсіздікті күшейту, төмен көміртекті индустриялық кластер қалыптастыру және жел электр станцияларын салу жоспарланып отыр.

Форум Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері және инвестициялық қауымдастықтары үшін ортақ алаңға айналды. Ауқымды іс-шараға Қытайдың 20-дан астам ірі компаниясының делегациялары қатысты.

Фото: Gov.kz

Форум алдында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Шэньси провинциясынан келген делегация басшысы Ван Цзинцзинмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

«Ulytau Invest–2026» форумы барысында облыстың тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, энергетика, логистика және инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасында B2B және G2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер барысында жаңа жобаларды бірлесіп іске асыру және әріптестікті кеңейту бағыттары қарастырылды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков халықаралық ынтымақтастық пен инвестиция тарту өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, форум бұған дейін облыс делегациясының Қытайдың Сиань қаласына жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нақты жалғасы болды.

Фото: Gov.kz

Форумның ресми бөлігінен кейін Қытай делегациясының өкілдері өңірдегі инвестициялық алаңдар мен өндірістік кәсіпорындарды аралап, іске асырылып жатқан және алдағы инвестициялық жобалармен танысты.