Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай халыққа үндеу жолдап, бұл оқиғаның ел үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

Президент барша қазақстандықты Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталатынын айтты. Оның сөзінше, ел саяси-экономикалық реформаларға, ауқымды өзгерістерге және қарқынды даму жолына қадам басып отыр.

Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күн еліміздің саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын білдіретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін тарихи таңдау жасағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл шешім мемлекеттің алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайды.

15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық.

Президент бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін айтты. Оның пікірінше, мұның символдық мәні зор. Себебі Конституция күні көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның негізгі қағидаттарымен ұштастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне сүйене отырып, алға қойған мақсаттарына жететініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сияқты жасампаз құндылықтарды орнықтырудың маңызына тоқталды.

Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.

Үндеуінде Президент бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде баршаға бірдей мүмкіндік беретін және әр азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын Әділетті Қазақстан құру мақсатын атап өтті.

Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Отанды көркейту жолындағы жоспарлар ойдағыдай орындалатынына сенім білдіріп, Қазақстан Республикасы мен халқына ізгі тілегін арнады.