Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін табыстады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады.
Марапаттау рәсімінде Президент Ираклий Кобахидзені Қазақстанның досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекет қайраткері деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ираклий Кобахидзенің басшылығымен Грузия әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар елдің халықаралық беделі нығайып, өңірдегі негізгі серіктестердің бірі ретіндегі ұстанымы күшейе түскен.
Сіздің тегеурінді басшылығыңыздың арқасында Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп, азаматтарының әл-ауқатын арттырып келеді. Сонымен қатар халықаралық беделін нығайтып, аймақтағы негізгі серіктестердің қатарында ұстанымын күшейте түсті. Грузия қуатты әрі өркендеген ел ретінде жаңа биіктерді бағындырып, орнықты даму жолында алға қарай қадам баса беретініне сенімдімін.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалады. Президент екі елді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар, сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік байланыстыратынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазақ халқы Грузияның бай тарихы мен бірегей мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Ал грузин қауымдастығы Қазақстанның көпұлтты қоғамының ажырамас бөлігі саналады және екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді.
Қазақ халқы Грузияның бай тарихы мен бірегей мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Грузин қауымдастығы біздің көпұлтты қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады әрі екі ел арасындағы байланысқа дәнекер болып жүр. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынасымыз тың серпін алды: саяси диалог жанданып, өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келеді. Сондай-ақ түрлі саладағы экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсуде. Қазақстан мен Грузия әлемдік аренада тиімді ықпалдастық орнатып, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бір-біріне дәйекті түрде қолдау білдіруде.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Өз кезегінде Грузия Премьер-министрі қызметіне жоғары баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Фото: akorda.kz