Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 188 адамға жеткені хабарланды
Венесуэланың солтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 188 адамға жеткені хабарланды. Тағы кемінде 1520 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Жаңартылған мәліметті Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді.
Оның айтуынша, 157 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр. Сонымен қатар табиғи апат салдарынан қираған ғимараттардың үйінділері астында әлі де 200-ден астам адам болуы мүмкін деген болжам бар.
Құтқару қызметтері зардап шеккен аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда ауқымды қираулар мен зақымдалған нысандардың көптігі бұл жұмысты қиындатып отыр.
Биліктің алдын ала бағалауынша, жер сілкінісі салдарынан 250-ге жуық ғимарат толық немесе ішінара қираған. Табиғи апат шамамен үш мың отбасыға әсер еткен.
Бұған дейін билік өкілдері 164 адамның қаза тапқанын және 971 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатын. Үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасып жатқандықтан, құрбандар саны артуы мүмкін екені айтылды.
Еске салайық, 25 маусымға қараған түні Венесуэланың солтүстігінде қуатты жер сілкінісі болды. Алғашқы деректе жерасты дүмпуінің магнитудасы 7,1 болғаны хабарланған. Кейін АҚШ Геологиялық қызметі шамамен 40 секундтық аралықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісін тіркеді.
Табиғи апаттың ауыр салдарына байланысты Венесуэла билігі елде төтенше жағдай режимін жариялады.