ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімшіде XI «Қытай – Еуразия» көрмесі аясында өткен «Қытайға экспорт: Қазақстан» арнайы сессиясында сөз сөйледі.

«Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян 2025 жылғы қарашада Қытайдың VIII халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) ұсынған болатын. 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен қатар осы бастама аясында жеке ұлттық сессия өткізу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шараны ашқан Серік Жұманғарин Қытай тарапына арнайы сессияны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Ол бұл қадам екі мемлекет басшысының өзара сауданы одан әрі арттыру жөніндегі уағдаластығын іске асырудағы нақты шара екенін атап өтті. Сонымен қатар министр бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететінін айтты.

Вице-премьер ҚХР коммерция министрлігінің «Қытайға экспорт» бастамасы қазақстандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндік ашатынын жеткізді. Аталған алаң Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, жетекші маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыс орнатуға жол ашады.

Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Бұл бағытта көлік-логистикалық инфрақұрылым жаңғыртылып, шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтары дамытылуда. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілеті кезең-кезеңімен арттырылып жатыр.

Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли де сөз сөйлеп, өңірдің Қытаймен ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық маңызына тоқталды.

Сапар аясында Серік Жұманғарин «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Үрімші қаласындағы өкілдігінің жұмысымен танысты. Бұл өкілдік қазақстандық компанияларға Қытай нарығына шығу кезінде кешенді қолдау көрсетеді.

Іске асырылған нәтижелердің бірі – ШҰАА-дағы 1000-нан астам дүкенді біріктіретін ірі «8:30» сауда желісімен қол жеткізілген уағдаластықтар. Алдын ала келісім бойынша Sun Planet, Delis және Run Planet қазақстандық брендтерінің өнімдері желінің 200-300 сауда нүктесінде пилоттық форматта орналастырылуы мүмкін.

Өкілдіктің қолдауымен Қытай нарығында «Алан және Компания» және Baysan Group компанияларының өнімдерін ілгерілету туралы келісімдерге қол қойылды.

Сонымен қатар Қытайға көлемі 20 тонна болатын қазақстандық тауарлардың алғашқы пилоттық жеткізілімі сүйемелденді. Оның құрамына «Сұлтан» макароны, «Пиала» шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірді.