Тоқаев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалар тапсырды
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам алдындағы еңбегіне жоғары баға берді.
Президент журналистер қауымы халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, ел мүддесіне қызмет етіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі технология қарқынды дамыған кезеңде азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, сондай-ақ ұтымды сараптама ұсыну – медиа саласы мамандарына жүктелген жауапты міндет.
Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні әрі қоғамның айнасы деп атады. Президенттің сөзінше, елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістердің мәнін Қазақстан азаматтары ғана емес, халықаралық қауымдастық та, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып біледі.
Мемлекет басшысы журналистердің конституциялық реформа кезінде маңызды рөл атқарғанын айтты. Ол Конституциялық комиссияның жұмысы, ұсынылған түзетулер және жалпыұлттық референдум барысы туралы сапалы ақпарат таратқан БАҚ өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасын талқылау жалпыұлттық пікірталасқа ұласты. «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйелері арқылы мыңдаған ұсыныс түсіп, Конституциялық комиссия мүшелері салмақты пікірлердің барлығын мұқият қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі деп сипаттады. Оның сөзінше, негізгі құжатта ел егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілген.
Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат құндылық екенін атап өтті. Ол елді сақтау және дамыту үшін қоғамда татулық пен тұрақтылық болуы қажет екенін айтты.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет.
Президент алдағы уақытта Парламенттің 8-шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылайтынын және ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы отандық БАҚ халықаралық медиа кеңістікте бәсекеге қабілетті болуға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, цифрлық дәуір медиаиндустрияға үлкен өзгеріс әкелді: жаңалықтар порталдары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты, ал мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды.
Соған қарамастан, Президент дәстүрлі медианың маңызы жоғалған жоқ деп санайды. Оның айтуынша, газет пен телеарналардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, сапалы шолу және сараптама ұсына алуында.
Мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат, дипфейк және жасанды интеллект арқылы жасалатын ақпараттық қауіптер мәселесіне де тоқталды. Президенттің айтуынша, қоғамның ынтымағына нұқсан келтіру, мемлекеттік институттарға сенімсіздік тудыру және азаматтарды адастыру үшін заманауи технологиялар қолданылып жатыр.
Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады.
Мемлекет басшысы медиа саласы қызметкерлері мұндай гибридті қауіп-қатерлерге қарсы күресте жауапкершілік танытуы қажет екенін айтты.
Президент Қазақстанда пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар екенін, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынғанын атап өтті. Алайда ол сөз бостандығы жүгенсіздікке немесе тәртіпсіздікке жол беру дегенді білдірмейтінін ескертті.
Сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда медиасауаттылықты арттыру, заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау бағытында жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану маңызды екенін айтты. Сонымен бірге ол құқықтық нигилизмге, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттауға тосқауыл қою қажет екенін жеткізді.
Президент сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеуді дұрыс емес деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, мұндай үрдіс өскелең ұрпақтың дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін.
Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек.
Мемлекет басшысы журналистер шындықты көрсететін айна ғана емес, ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек екенін атап өтті. Ол қоғамда әдеп сақтау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету және басқа адамдардың ар-намысын қорғау сияқты құндылықтарды нығайту маңызды екенін айтты.
«Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайтынын және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мән беретінін жеткізді. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда Астанада 200 журналист баспаналы болды. Биыл бұл бастама өңірлердегі журналистерді де қамтиды.
Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі.

Фото: akorda.kz

Президент БАҚ қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне қосып жүрген үлесі үшін алғыс айтты. Ол журналистердің қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын насихаттауға белсенді атсалысып жүргенін атап өтті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан медиа саласының үздік мамандарын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Марапатталғандардың арасында ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген диктор Зұлқия Жұматова бар. Президент 106 жасқа келген Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдағанын айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов және Қымбат Досжан сияқты отандық медианың дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі журналистерді атап өтті. Президент жас тілшілер осы буын өкілдерінен үлгі алатынын жеткізді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz