Мексиканың Ұлттық автономиялық университетінде (UNAM) Азия елдеріне арналған дипломдық курс өтті. Мексикадағы және бүкіл Латын Америкасындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі саналатын бұл университеттің бағдарламасында Қазақстанның мәдениеті мен гуманитарлық әлеуетіне ерекше көңіл бөлінді.

Жобаның бастамашысы Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы фан-клубы болды. Осы бастама аясында Қазақстанға қатысты тақырыптар білім беру бағдарламасына енгізілді.

Бұған дейін фан-клуб өкілдері университет әкімшілігімен алдағы мәдени ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанға деген қызығушылық сәуір айында Наурыз мерекесіне арналған іс-шарадан кейін арта түскен. Сол кезде университет қазақстандық өнерпаздың жанкүйерлерінің қызметімен танысып, мәдени байланыстарды дамыту жөніндегі бастаманы қолдаған.

Бағдарламаға қатысу үшін Орталық Азияның мәдени қауымдастығы өкілдері шақырылды. Олардың қатарында Аргентинадағы Росарио қаласындағы Қазақстан орталығының өкілі Ирина Вагнер және Чилидегі Casa de Asia Central ұйымының өкілі Марсия Кастро бар.

Курс барысында қатысушылар Қазақстанның білім беру мен дипломатия арқылы қалыптасатын «жұмсақ күш» саясатын талқылады. Сондай-ақ заманауи поэзия және оның өңірдің маңызды мәдени-философиялық бейнесі саналатын дала ұғымымен байланысы сөз болды.

Ирина Вагнер киіз үйдің қазақ дүниетанымындағы маңызына тоқталды.

Киіз үй жай ғана баспана емес. Ол ұтқырлыққа, табиғатпен үздіксіз үндестікке және қауымдастық сезіміне негізделген дүниетанымның көрінісі еді.

Сонымен қатар ол мәдени өзара ықпалдастықтың мәнін атап өтті.

Шынайы күш мәжбүрлеу арқылы емес, қызығушылықты оятып, адамдар арасында байланыс орнату арқылы қалыптасады. Ұзақ мерзімді әрі мәнді ықпал мәдениет, білім және өзара алмасу арқылы жүзеге асады.

Марсия Кастро өз баяндамасында Орталық Азияның мәдени мұрасындағы табиғи кеңістіктің рөліне назар аударды.

Дала мен шөл – бос кеңістік емес. Олар тарих, бірегейлік, жады және көркем шығармашылық тоғысатын жанды мекендер.

Ұйымдастырушылар бастаманы қолдап, UNAM академиялық қауымдастығын Қазақстан мәдениетімен таныстыруға үлес қосқан спикерлерге алғыс білдірді.

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің айтуынша, бұл жоба Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және мәдени-гуманитарлық бастамаларды дамыту бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.