AI-Sana бағдарламасы аясында 697 мыңнан астам сертификат берілді
Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлауға бағытталған AI-Sana ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба цифрлық экономикаға қажетті білікті мамандарды қалыптастыруға, сондай-ақ білім беру, ғылым және инновацияны біріктіретін жаңа AI-экожүйені дамытуға бағытталған.
AI-Sana – цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау және жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы негізгі ұлттық бастамалардың бірі. Бүгінде жасанды интеллект технологиялық әрі экономикалық дамудың маңызды факторына айналды. Оның қолданылу аясы білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларын қамтиды.
Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын әзірлеп, оларды тиімді қолдана алатын білікті мамандар даярлау мемлекет үшін стратегиялық міндеттердің бірі болып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жасанды интеллектіні дамыту ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
2024 жылы Мемлекет басшысы Үкіметке жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға, сондай-ақ білім беру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін ұлттық AI-экожүйені қалыптастыруға бағытталған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыруды тапсырды.
«ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллектінің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн».
Президент тапсырмаларын орындау аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білім беру жүйесін жаңғырту және AI-құзыреттерді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтері енгізіліп, оны оқу процесінде қолдану тәсілдері жетілдіріліп жатыр.
Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктері кеңейтіліп, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы дамып, халықаралық ынтымақтастық нығайтылуда.
Ғылым, технология және кәсіпкерлік тоғысындағы құзыреттерге ие жаңа буын мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. AI-Sana бағдарламасы осы мақсатты жүзеге асыру үшін іске асырылуда.
AI-Sana инженерлерді, зерттеушілерді және технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған ұлттық бастама саналады. Бағдарлама білім беру, ғылым және инновацияны ұштастыра отырып, студенттерге жасанды интеллект технологияларын меңгеруге ғана емес, оларды практикалық шешімдер әзірлеуге және өз жобаларын іске асыруға қолдануға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде базалық AI-құзыреттер бойынша оқудан өткен және жетекші халықаралық білім беру платформаларына қол жеткізген студенттерге 697 мыңнан астам сертификат берілді.
2026 жылғы сәуір айынан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл кезең тәжірибелік дағдылар мен кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған.
«Келесі кезең тәжірибелік дағдылар мен кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған. 2026 жылғы сәуір айынан бастап “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі іске асырылады. Оның аясында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким әзірлеген бағдарлама бойынша 100 мың студент AI-кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріп жатыр», – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта қатысушылар жобалық командаларға бірігіп, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлейді. Кейін бұл жобалар Astana Hub пен QazInnovations ұйымдарының қатысуымен инкубация және акселерация бағдарламаларына ұсынылады. Бұл перспективалы бастамалардың нарыққа шығуына және одан әрі дамуына жол ашады.
Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыруға Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты, Кремний алқабының венчурлік қорлары және халықаралық бизнес-мектептердің өкілдері тартылған. Оқу материалдары Пол Кимнің жетекшілігімен АҚШ-тың Zemex Inc. компаниясының қатысуымен әзірленеді.
Сондай-ақ бағдарламаға Stanford University, Carnegie Mellon University, UC Berkeley, Johns Hopkins SAIS, Georgetown University, Boston University және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
«Келесі жарияланымдарда AI-Sana бағдарламасының іске асырылу тетіктері, студенттер мен оқытушыларға беретін мүмкіндіктері, қол жеткізілген нәтижелері, сондай-ақ Қазақстанның технологиялық болашағын айқындайтын мамандарды даярлаудағы жоғары оқу орындарының үлесі туралы кеңірек ақпарат ұсынылады», – деп хабарлады ведомство.
Жасанды интеллектіні дамыту және жоғары білікті кадрлық әлеуетті қалыптастыру еліміздің орнықты дамуы мен жаһандық цифрлық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі саналады.