Қазақстанда шілде айында ауа температурасы жоғарылаған сайын құрғақшылыққа бейім аумақтардың кеңею ықтималдығы сақталады. Жауын-шашын көбіне жергілікті сипатта болып, қысқа мерзімді болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.

Алдын ала болжамға сәйкес, шілде айында бірқалыпты құрғақшылық жағдайлары бірқатар өңірде күтіледі.

Павлодар облысында Ақтоғай, Ертіс, Железинка, Успенка, Шарбақты және Май аудандарында құрғақшылық байқалуы мүмкін.

Қарағанды облысында Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаровка, Нұра, Қарқаралы және Шет аудандарында осындай жағдай күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай аудандарында, сондай-ақ Шемонаиха мен Өскемен қалалары маңында бірқалыпты құрғақшылық болуы ықтимал.

Абай облысында Аягөз, Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Мақаншы және Жаңасемей аудандары құрғақшылық қаупі бар аумақтар қатарына енгізілді.

Алматы облысында Балқаш және Жамбыл аудандарында, Жетісу облысында Алакөл, Қаратал және Панфилов аудандарында құрғақшылық жағдайлары болжанып отыр.

Жамбыл облысында Қордай, Т. Рысқұлов, Сарысу және Талас аудандарында, ал Түркістан облысында Арыс, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара және Жетісай аудандарында бірқалыпты құрғақшылық күтіледі.

Қызылорда облысында Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында да құрғақшылық қаупі сақталады.

Сонымен қатар бірқалыпты ылғалдылық Қостанай облысының Қарабалық және Жітіқара аудандарында, Ақтөбе облысының Мәртөк, Ойыл, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласында болжанып отыр.

«Елдің қалған аумағында ылғалдану жағдайлары осы ай үшін норма шамасында болады деп күтіледі. Алдын ала болжам қажет болған жағдайда нақтыланатын болады», – делінген хабарламада.