Қазақстан мен Моңғолия өзара сауда көлемін 500 млн долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың Далянь қаласында өткен «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумына қатысып, бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Үкімет басшысы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының жаңа чемпиондарының 17-ші жыл сайынғы кездесуінің ашылу салтанатына қатысты. Форум аясында Олжас Бектенов Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен, Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен, сондай-ақ World Economic Forum президенті және бас директоры Алоис Цвингимен келіссөз жүргізді.

Форум жұмысына үкімет басшылары, ірі компаниялардың өкілдері және сарапшылар қауымдастығы қатысты. Күн тәртібінде технологиялық трансформация, инвестициялық ынтымақтастық, цифрландыру, жасанды интеллект және экономикалық өсімнің жаңа драйверлерін іздеу мәселелері қаралды.
Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен өткен кездесуде сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, тау-кен металлургиясы, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру, жасанды интеллект және ғарыштық технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды.
Тараптар Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың биыл сәуір айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын қарастырды. Сонымен қатар екі ел басшылары қойған өзара сауда көлемін 500 млн долларға дейін жеткізу міндетін іске асыру шаралары талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Ням-Осорын Учрал өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.

Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен кездесу барысында сауда, инвестиция, көлік-логистика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар елдің орнықты экономикалық өсуіне, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге жағдай жасап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл реформалар мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге және Әділетті Қазақстан құруға бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-бангладеш ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ экономиканың басым бағыттары бойынша жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді.

World Economic Forum президенті және бас директоры Алоис Цвингимен өткен келіссөздерде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инвестициялар тарту және адами капиталды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форуммен жүйелі сараптамалық әріптестікке көшуге мүдделі екені айтылды. Сонымен қатар «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірілді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымы ұсынылады. Атап айтқанда, Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, салықтық және кедендік преференциялар қолданылады, ал жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылады.